ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ҚАЙЫРЫ

0

Соңғы уақытта мемлекетіміз шағын кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып келеді. Бұл қолдаудың ауылдық жерлерде берері көп. Себебі, шағын елді мекендерде жұмыссыздық мәселесі өзінің өзектілігін жоғалтпаған.

Мемлекеттің қолдауы арқылы ауылда өз ісін бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Осы орайда қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болғаны анық. Мәселен, Қарасай ауылдық округінде грант арқылы кәсіп бастағандар бар. Соның бірі – Гүлнұр Шаршембиева. Негізгі мамандығы инженер-технолог Гүлнұр цех ашып, кәсіпкерлікке бет бұрғанға дейін түрлі салада еңбек еткенімен, тігін ісіне қызығушылығы ерекше болатын. Бос уақытын арнайтын сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Тиісінше, онлайн курстан өтті. Кейін бизнес-жоспар әзірлеп, сертификат алды. Аудандық «Мансап» орталығының филиалы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобасын сәтті қорғап, 1380000 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ақыры қайтарымсыз гранттың арқасында тігін цехын ашып, жұмысын жүргізуге кірісті. Грант қаражатына мамандандырылған тігін машиналары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алды. Шағын тігін цехын өз үйінің ауласында ашты.

— Мен көп балалы анамын, сондықтан өзге жерге барып, жұмыс істеу маған қолайсыз. Үйде отырып, сүйікті ісіммен айналысып, табыс тапқаныма қуанамын. Бірінші Аллаға, кейіннен мемлекетімізге рақмет. Ауылда көрпе-төсек, қыз жасауы, шымылдық сынды заттарға сұраныс баршылық. Негізінде кез-келген тапсырысты орындауға тырысамын. Болашақта үлкен цех ашуды армандаймын, — дейді тігінші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.