Халқымыздың дара перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың кезінде ұлт мүддесін көздеген кемеңгер басшылығы мен көрегендігі, Қазақстанның көркеюі жолындағы орасан зор еңбегі туралы аз жазылған жоқ.
Димекеңнің зор тұлғасы қандай құрметке де лайық. Елімізде Д.Қонаев атындағы халықаралық қор құрылған, көптеген елді мекендерге, оқу орындарына, көшелерге, спорт және мәдениет ошақтарына есімі берілген.
Ал өмірінде бір мәрте болса да Димекеңмен жүздесіп, қолын алу бақытына бөленген жандар онысын орынды мақтаныш етеді. Мен де Димекеңмен кездескен сәттерімді ризашылықпен еске алып, оның қолтаңбасын жазып берген бір суретін сары майдай сақтап келемін.
Д. Қонаевтың үйінен дәм татамыз деп кім ойлаған?! Осындай бір кездесудің сәті 1990 жылдың қаңтар айында болды. Ол кезде мен Алматы Жоғары партия мектебінің күндізгі бөлімінде білімгермін. Бірге оқитын сегіз жігіт Димекеңнің үйіне бардық. Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін тоталитарлық режимнің қолшоқпарлары Қонаевтай биік тұлғаның асқақ бейнесіне қара күйе жаға алмай, неше түрлі құйтұрқы амал-айласы іске аспағанымен, жүрегіне қаяу түсіріп, қамығып үйде жатқан кезі еді. Көңілін демдеп, жағдайын білуге келдік. Екіншіден, партия мектебінде өткізілуі белгіленген Наурыз мейрамының құрметті қонағы болуға шақырмақпыз.
Күзетші қайдан келгенімізді сұрап, үйге кіргізді. Димекең бәрімізбен қол алып амандасып, қай өңірлерден екенімізді сұрап білді. Әңгіме барысында республикамыздың жалпы тұрғыда одақ бойынша Ресей Федерациясы мен Украинадан кейінгі үшінші орында, ал кейбір жағдайда олармен иық теңестіретін дәрежеде болғаны туралы нақты мысалдармен айтып берді.
Екінші кездесуіміз 1991 жылдың 27 наурызында болды. Содан бір-екі ай бұрын ғана зайыбы Зухра апай қайтыс болған еді. Жиналып, көңіл айтуға бардық. Есік алдында күзетшіге қайдан, не үшін келгенімізді айтып жатырмыз. Арғы жақтан Д. Қонаев ақсақалдың:
— Кірсін! — деген дауысы естілді.
— Жоғары партия мектебінің былтыр келген жігіттері екен ғой, — деп жадырай қарсы алып, төрге оздырды. Қазаға көңіл айтқанымызға үлкен басымен алғыс білдірді. Бұл жолы да ұлы тұлғаны сөзге тарттық. Ол өзінің жиырма үш жыл Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы және он сегіз жыл Саяси бюро мүшесі болған кездеріндегі маңызды жайларды еске алды. Ой-толғамдарының әсері ерекше болды.
Димаш Ахметұлы өте сезімтал, есте сақтау қабілеті аса жоғары екен. Бір жыл бұрын Жоғары партия мектебінен сегіз жігіт келіп едік. Бұл жолы жеті адам екенімізді аңғарып:
— Бір жігіт жоқ қой? — деді.
Содан кейін асықпай бәрімізге сыртынан әрқайсымыздың есімімізді жазып, қолын қойып, бір-бір суретті естелік ретінде тарту етті. Мына «Дүкенбайға» деп жазылған мендегі суреттің сыры осындай.
Дүкенбай СЕГІЗБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі