Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар тұлғалардың бірі — Кенен Әзірбаев. Ғасырлар бойы жалғасқан сал-серілік дәстүрдің алтын арқауын үзбей жеткізген Кенен мұрасы — ұлт мәдениетінің асыл қазынасы. Оның әндерінен халықтың үні, елдің мұңы мен қуанышы, қазақ даласының кең тынысы сезіледі.
Сондықтан Кенен мұрасын сақтау — тек бір тұлғаның шығармашылығын дәріптеу емес, тұтас ұлттың рухани болмысын келер ұрпаққа аман жеткізу. Осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі биыл өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өтуде.
1981 жылдың 14 сәуірінде Дінмұхамед Қонаевтың арнайы тапсырмасымен ашылған музей бүгінде өңірдегі маңызды мәдени-рухани орталықтардың біріне айналды. Музейдің ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қатысуы да бұл істің тарихи маңызын айқындай түсті.
Өзбекәлі Жәнібеков: «Мәдениет — ұлттың мәйегі» деп бекер айтпаған. Шынында да, музей — өткеннің естелігін сақтайтын орын ғана емес, ұлттың тарихи жады мен рухани сабақтастығын жалғайтын тағылым ордасы.
Бүгінде музей қорында төрт мыңға жуық құнды жәдігер сақталған. Кененнің бала күнінде ұстаған домбырасы, Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыра, ақынның тұтынған бұйымдары мен тарихи құжаттары — халқымыздың баға жетпес мұрасы.
45 жыл ішінде музей мыңдаған келушінің ұлттық өнерге деген құрметін қалыптастырып, тарихи танымын тереңдетуге үлес қосты. Осы жылдар аралығында музей ұжымы Кенен мұрасын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Республикалық көрмелер ұйымдастырылып, көшпелі экспозициялар арқылы Кенен мұрасы Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз өңірінде таныстырылды.