«Жұмысшы мамандықтар» жылы мен «Адал еңбекпен – жарқын болашаққа» атты фестиваль аясында Степное ауылдық округі әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен кіші футболдан «Достық» кубогы үшін ашық турнир өткізілді
Спорттық додаға Алматы, Шу қалаларынан, сондай-ақ Мерке ауданынан келген үздік командалар қатысып, бәсекелестіктің деңгейін арттырды. Сонымен қатар, ауданымыздың намысын қорғаған өнерпаздар турнир барысында көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, шараның көзайымы болды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов, Степное ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев, және аудандық «Асабалар» қауымдастығының жетекшісі Жамбыл Нұрғалиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттап, ауданаралық достық байланыстарды нығайтуға, спорттық рухты арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Турнирдің соңында үздік командалар мен ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтетініне сенім мол!
Фариза ҚОРАБАЙ