15-17 қаңтар аралығында Тараз қаласында 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен Жамбыл облысының біріншілігі өтті.
Облыстың барлық аудандарынан жиналған жас балуандар тартысқа түскен бұл додада Қордай ауданының ұландары жоғары дайындықтарын дәлелдеп, айтарлықтай жетістікке жетті.
Жарыс қорытындысында қордайлық спортшылар 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, ауданның абыройын асырды. Алтын медальді 60 келі салмақта күрескен Әли Джамалов, 92 келіде – Мұхаммед Әли Сағын, 80 келіде – Данияр Бейсенқұл, ал 110 келіде – Абзал Жылқыбеков иеленді. Күміс жүлде 55 келідегі Ерасыл Топчаковке, 65 келідегі Сұлтан Ясыровқа, 48 келідегі Диас Қуанышбекке бұйырса, қола жүлдені 80 келі салмақта Артём Дрокин, 110 келіде Нұржан Қошан, 71 келіде Азиз Сағадат, 92 келіде Арман Царов, 55 келіде Анвар Джашанло, 60 келіде Амир Ясыров, 45 келіде Байнұр Асан иеленді.
Бұл жетістік – жас спортшылардың ыждағатты еңбегінің, жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының және аудандық спорт мектептерінің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Қордайлық балуандардың жеңісті жолы жалғасын табарына сенім мол!