Спорт күні қарсаңында Қордай ауданында жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында жекпе-жек түрлерінен Жамбыл облысының ашық чемпионаты өтті. Ауқымды спорттық шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген қонақтар қатысты. Чемпионаттың мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың бойындағы ерік-жігер мен намысты ояту, достық пен ынтымақтастықты нығайту.
Чемпионат аудандық Мәдениет үйінде өткен баспасөз конференциясымен басталды. Журналистер мен қоғам өкілдерімен кездесуде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, республикалық «Ер-Намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Әлиядин, ҚР спорт құрметті қызметкері Жандос Аянбек, сондай-ақ спорт федерацияларының жаттықтырушылары мен басшылары сөз сөйледі. Олар мұндай халықаралық турнирлердің жастар тәрбиесіндегі, салауатты өмір салтын насихаттаудағы және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Ал, келесі күні жарыстың ресми ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты. Ол өз сөзінде бұл чемпионат жас спортшылар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар шеберлікті шыңдайтын, батылдық пен табандылықты дамытатын үлкен мектеп екендігін баса айтты.
Ринг пен татамиде ММА, GAMMA-MMA, кикбоксинг және шотокан каратэ спортшылары өзара бақ сынасты. Әр жекпе-жек көрермендердің делебесін қоздырып, жас спортшылардың шынайы шеберлігі мен күрескерлік мінезін көрсетті. Қатысушылардың әрқайсысы жеңіске деген жігері мен еліне деген мақтаныш сезімін паш етті.
Жанкүйерлер үшін ең әсерлі сәт – жерлестеріміздің жеңісі болды. 52,2 келі салмақ дәрежесінде Аружан Жақан сенімді жеңіске жетіп, кәсіби спорт жолындағы алғашқы қадамын сәтті бастады. Ал 61,2 келіде «Гладиатор» командасының атынан сынға түскен Көбейсынбек (Бек) Дәужанов қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, өз мықтылығын дәлелдей білді. Ол жаттықтырушылары Дархан Әділбеков пен Әлімқұлов Нұрсұлтанның жетекшілігімен ұзақ дайындық жүргізіп, өз деңгейін дәлелдеді.
Масаншы ауылынан келген Исмаил Люшанлоның жекпе-жегі көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және ересектер арасында Әлем кубогының иегері саналатын жерлесіміз өзбекстандық мықты қарсыласын тізе бүктіріп, тағы бір мәрте ел үмітін ақтады.
Сонымен қатар, 61 келі салмақ дәрежесінде Нұргелді Рахмаш та үздік өнер көрсетіп, чемпион атанды. Оның жеңісі — еңбек пен табандылықтың, үздіксіз дайындықтың жарқын көрінісі.
Турнир аясында жас спортшылар арасында шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар тәжірибе алмасты. Қонақтар жергілікті спорт мектептері мен секцияларының жұмысымен танысып, алдағы уақытта бірлескен жаттығу жиындарын өткізуге ниет білдірді.
Чемпионат тек спорттық жарыс емес, достықты нығайтатын, рухани байланысты арттыратын, шекаралардан биік адамгершілік пен ерік-жігердің салтанаты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қордай — тек тарихи мекен ғана емес, болашақ чемпиондар мен нағыз патриоттар тәрбиеленіп жатқан рухани-спорттық орталыққа айналып келеді. Мұнда бірлік бар, қайсарлық бар, жеңіске деген сенім де жоқ емес.
Шолпан САБАНОВА