Күні кеше Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға қордайлықтар да өз көмегін жіберді. Мемлекет басшысы да жағдайды көзбен көріп, ондағы штабтың жұмысын бақылап, өрт сөндірушілердің еңбектері өлшеусіз екендігін айтып күш жігер берді десек артық емес. Қиындықтың жолын еңсеруде партияның да еңбегі орасан.
Әр аймақтағы партия филиалдарында пункт ашылып оған жергілікті жұрттан әр түрлі көмектер жиналуда. Соның бір айғағы сейсенбі күні Қордай аудандық партия филиалы аудан азаматтарының басын біріктіріп, алыстағы ағайынға арнайы көмек көлігін жолға шығарып салды. Көмектің артында қалың елдің қолынан келгенінше көрсеткен қолдауы жатқаны белгілі. Мұнда тек қаржы ғана емес азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия бар. Белсенді партияластар, кәсіпкерлер, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары көмек қолын созды.
Сондай-ақ, Қордайдан Қостанайға 2,5 тонна картоп жүк көліктеріне тиеліп жөнелтілді. Жиналған гуманитарлық көмекті тиеген көлік көп бөгелмей Қостанай облысына жолға шықты. Айта кетерлігі, өңір жұртшылығын қолдауға арналған игі іс-шара осымен тоқталмай, жалғасын табады.
Естеріңізге сала кетсек, Қостанай облысында орын алған табиғат апаты қазір ауыздықталған. Алапат өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ Ұлттық ұлан, Қостанай қаласындағы ІІМ академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күш құралдары – барлығы 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 адам қатысқан. ТЖ министрінің айтуынша, қызыл жалынды ауыздықтауға қатысқан 5 тікұшақ 5 күн бойы әлсін-әлсін әуеге көтеріліп, жанып жатқан орманның үстінен 272 рет су бүркіген. Өрт салдарынан Аманқарағай мен Озерный ауылдарында 91 үй жанып кеткен. Қалған тұрғындардың біразы өз үйлеріне оралса, біразы туыс-туғандарының үйінде тұрып жатыр. Өрт басталғалы 2091 адам эвакуацияланған. Денесін күйік шалып, өкпесіне ыс тиген, сондай-ақ түрлі деңгейде жарақат алған 12 адам бар