ҚОРДАЙДАН ШЫҚҚАН АКАДЕМИК

0

«Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын…
Басы да алтын, Қордайдың бауыры алтын», деп Кенен ақын жырлағандай, Қордай ежелден құт қонған, қасиет дарыған тарихы терең киелі өлке. Қордай топырағында найзасы көк тіреген Өтеген, Қарасай, Жолбарыс батырлар өтті. Елім деп елжіреген ұлы Кенесары ханның соңғы шайқасы өтіп, ақтық демі үзілген жер. Жүйелі сөзімен қара тасты еріткен Кебекбай шешен, көреген көсем Ноғайбай, Саңлақ Сарыбас ақын мен күміс көмей, жез таңдай Кенен ақын, он саусағынан бал тамған Байсерке күйші, Тілеміс шешен өткен жер.

Ұлттық құндылықтарымыз зерттеліп, рух жаңғыруды қолға алу барысында болашақ жас ұрпаққа өнегелі ісімен қалың жұртты таң қалдырған, қайталанбас тұлға, әлемді мойындатқан тұңғыш қазақ ғалымы Мұхтарбай Өтелбаев та осы Қордай жерінің тумасы.
Биыл сексеннің сеңгіріне толып отырған мерейтой иесі Мұхтарбай Өтелбаев 1942 жылы 3 қазанда Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев 1969 ж. Мәскеу Мемлекеттік университетін бітіріп, 1973-2000 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика ғылыми зерттеу институтында, Қазақстан Ұлттық университетінде, Жамбыл педагогикалық институтында, Қарағандыдағы қолданбалы математика ғылымын зерттеу институтында, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарды.
ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық университетте ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі директорының орынбасары болды.
Негізгі ғылыми еңбектері функционалдық анализ және оның қолданыстарына, дифференциалдық операторлардың спектрлік теориясына, есептеу математикасына, корректілі шекаралық есептеудің жалпы теориясына арналған. 200-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 2 монографияның авторы, 5 патенттің иегері. М.Өтелбаев әлемдік деңгейдегі ғылыми мектептің негізін қалады. Оның жетекшілігімен 75-тен астам кандидаттық диссертациялар қорғалып, оннан аса ғылым докторын даярлады. 2007 жылы қордайлық ғалымға математика саласында дүниежүзінің ғалымдары «Өтелбаев функциясы» деген атпен мойындаған «Спектрлік теория және оның қолданылуы» жұмыстар циклі үшін Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Бүгінде абыз қарияның құнды да қомақты еңбектері, жасаған дүниелері бола тұра, төрткүл дүниенің қай бұрышында жүрсе де, балалық шақтың ыстық ықыласын аңсап содан қуат алған.
…Ол кезде Қаракемердің бас жағында шағын ғана ұста дүкені болған. Ес білгелі Мамыт, Құсайын шалдар онда күнұзақ түтіндетіп, шыңылдатып темірден түйін түйіп жататын. Мұхтарбай да жасынан сол ұстахананы жағалап өсті. Соғыстан кейінгі ауыртпалық салдарынан Мұхтарбай 10 жасқа толғанында ғана мектеп есігін ашады. Жеті жылдықтан соң Тоқпақтағы механика техникумына түскенімен, кейіннен оны да тастап кетіп, орта білімді кешкі мектепте жалғастырып, күндіз ұстаханада балға соғатын, нарттай болып қызған темірдің қамырша иленіп, мұқалмастай шыңдалуын қызықтаудан бір жалықпаған. Өзінің де алған бетінен қайтпас қайсар мінезді болып өсуіне осының да әсері тиген шығар… Қыстай темір ұстаханада жүрсе, жазда маусымдық жұмыстарға кететін. Комбайнда сабан тасушы, тракторда тіркемеші де болды. Өзі де біртіндеп тракторды ұршықша үйіре меңгерді. Колхоз даласындағы екі-үш жылғы жұмыс өмірдің мәнін бағалауға, еңбектің дәмін сезінуде көп нәрсені үйретті. Мектепті бітірген соң Әулиеатаның баурайынан ғылымның төріне жетелеген ұлы сапары басталды. Мұхтарбай Бішкектегі мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Математикаға деген құштарлық, о бастан-ақ, бойын билеп алған. Оны трактор кабинасынан университет аудиториясына алып келген де сонау лапылдаған құштарлық еді. Алайда, бірінші курстан-ақ әскер қатарына алынды. Зерек болмаса математикаға деген құмарлығы әскердегі үш жылда да суынатын жағдайда еді. Әскери борышын өтеп жүріп те оқуын өзінше жалғастыра берді. Әскерден оқымай-ақ, үш курстың емтихандарын тапсырып бірден 4-курсқа қабылданды. Осылайша, 1966 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне түсті.
Американдық ірі математик Джон Нейман: «Математика қарапайым өмір бөлшегі» деген екен, демек, математика ғылымына зор үлес қосқан оқымыстылар Архимед, Аполлоний, Птолемейлерден бастап, одан кейін шыққан Галилей, Коперник, Ньютон, тағы басқалары математика ғылымының қайталанбас тұлғалары.
Сол сияқты М.Өтелбаев та Қазақстаннан шыққан ұлы математик, тіпті, дүние жүзі толық мойындаған, әлемдік математиктер шежіресіне есімі енген жалғыз ғалым. Болашақ ұрпақ үлгі алар, өнеге тұтар, алып тұлғалы математик Мұхтарбай Өтелбаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!
Сырғакүл ЖАПАРОВА,
Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.