ҚОРДАЙЛЫҚ БАЛҒЫНДАРҒА НЕ БЕРДІ?

0

2022 жыл – «Балалар жылы» деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Дегенмен, Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек», — деген еді. Санаулы күндерден кейін Президент жарлығымен бекітілген бұл жыл да аяқталмақ. Осы ретте «Балалар жылы» аясында қандай жаңашылдықтар орын алды, өскелең ұрпақты жан-жақты қолдау үшін қандай ілкімді істер атқарылды деген сұрақ туындайды. Ендеше артқа сәл шегініс жасап, ауданымызда биыл «Балалар жылы» аясында
іске асырылған тындырымды тірліктерді еске түсірейік.

Ең алдымен биыл Қордай ауданында балаларға арналған инфрақұрылым қолға алынып, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалғанын ауыз толтыра айта аламыз. Бұған бірқатар елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің бой көтеруі, шағын футбол алаңшаларының салынуы дәлел. Атап айтатын болсақ, жаздың алғашқы айларында Қақпатас ауылында, тамыз айында Жаңатұрмыста, қазан айында Өтегенде, сондай-ақ Республика күні қарсаңында Кенен ауылында шағын футбол алаңшалары қолданысқа берілді. Бұл спорт нысандарының ашылу салтанатына «шамшырақтың» тілшілері арнайы барып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасқан болатын. Ал Сарыбұлақ ауылында қыркүйек айында ғана ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бүгінде ауыл балаларының бұқаралық спортқа ден қоюына мол септігін тигізуде. Жалпы көлемі 1236 шаршы метрды құрайтын ғимаратта балақайлар дзюдо, қазақ күресі, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, футбол секцияларына қатысып жүр.
«Балалар жылында» бүлдіршіндердің уақытты көңілді өткізулері үшін ауылдарда жаңа ойын алаңшалары салынғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Қақпатас ауылында бюджет есебінен салынған ойын алаңшасы көз тартарлықтай етіп жасалған. Сол секілді шілде айында қолданысқа берілген Сарыбұлақ ауылындағы ойын алаңшасында да балақайлар төбешіктен сырғанап, құмсалғыштарда, әткеншекте ойнап мәре-сәре болғанын білеміз. Сондай-ақ, биыл туған өлкесіне, кішкентай бүлдіршіндерге деген жанашырлығын ісімен ұштастыра білген азаматтар да болды. Қаракемер ауылының тумасы Рабиға Махмұтқызының балаларға арналған ойын алаңшасын тарту еткені соның айғағы.
Ауданымызда жыл өткен сайын балабақшалардың саны артып, кішкентай ұл-қыздарымыздың сапалы білім алуына, ой-өрістерінің өсуіне мол мүмкіндіктер туындауда. Балалар жылы аясында қордайлық балақайларға тағы бір бөбекжай есігін ашқан болатын. Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Степной ауылында «Рауан-Қордай» балабақшасының заман талабына сай жаңа ғимараты пайдалануға берілген-ді. 260 орынға арналған балабақшада балғындар уақыттарын көңілді өткізумен қатар, білікті педагогтардан тағылымды тәлім алуда.
Ал 1 қыркүйек – Білім күнінде Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында жаңа мектеп қолданысқа берілді. Осыған дейін ескі мектепте білім алып келген ауыл балақайларына бұл тамаша сый болғанына баршамыз куә болдық. 180 орындық үш қабатты зәулім ғимаратта заманауи білім беруге барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Аталмыш жыл аясында ерекше қамқорлықты қажет ететін ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балақайлар да мемлекет қолдауынан, жаны жайсаң азаматтардың мейірімінен шет қалмады. Ауданымызда 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны – 714. Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, биыл 137 мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделумен, 55 мүгедектігі бар адам арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, 229 мүгедектігі бар адам протез-ортопедиялық құралдармен, 29 мүгедектігі бар адам тифлотехникалық құралдармен, 29 мүгедектігі бар адам сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етіліпті. Ал аудандық мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығының тәрбиеленушілеріне әр мереке сайын демеушілер тарапынан сыйлықтар жасалып тұрады.
Бұдан бөлек «Балалар жылы» аясында балалардың құқығын қорғау, денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған шаралар да өткізілді. Міне, ауданымызда жыл аясында атқарылған шаралар легі осындай. Қорыта келе айтатынымыз, жас ұрпаққа деген қамқорлық тек «Балалар жылымен» тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғасын тауып, арта берсін дейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.