ЖАРАҚАТТАРДАН САҚТАНАЙЫҚ!

0

Әртүрлі жағдайларда жарақат алу бүгінгі күні Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің ғалымдарын толғандырып отырған мәселе болып отыр. Себебі,адамдар арасындағы түрлі жағдайлардан, оқыс қимылдардан және басқа да әрекеттерден жарақат алу жылдан-жылға өсе түсуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жарақаттар салдарынан жыл сайын 3 жарым миллион адам қайтыс болып, 2 миллионнан астам адам өмірлік мүгедек болып қалады екен.
Қазақстанда жыл сайын 600 мыңдай адам әртүрлі жарақат алады. Оның 30 пайызы — балалар мен жасөспірімдер болса, 70 пайызы — ересектер. Жарақат дегеніміз — физикалық және химиялық ықпалдар әсерінен ұлпалар мен тірек-қимыл аппараты біртұтастығының бұзылуы. Жарақаттануларға соғылулар, сынулар, күйіктер, электр тогымен зақымданулар жатады. Ал сыну дегеніміз не? Сыну — бұл сүйектердің біртұтастығының бұзылуы. Бұл жағдайда ауру пайда болады, сынған жердегі жұмсақ ұлпалар іседі және өз қалпын өзгертеді. Аяқтардың, қолдардың және омыртқаның қалыпты қимылдары бұзылады. Бұл жағдайда ауруды мазаламай, дененің зақымдалған бөлігін қатты затпен (тақтай, қатты картон, таяқ) бекітіп, суық басу керек және шұғыл түрде дәрігер шақыру қажет.
Қыс мезгілінде қатты аяздың әсерінен жүріп келе жатып тайып кетушілер және басқа да түрлі жағдайлардан жарақат алушылар қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Сондықтан, тұрғындарға айтарымыз: барынша сақтық шараларын сақтап, қимыл-қозғалысыңызға аса мән бергеніңіз жөн.
Аудандық орталық аурухана

Leave A Reply

Your email address will not be published.