Жақында Тараз қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жүлдесі үшін қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы — 2023» облыстық турнирі өткен болатын. Аталмыш жарыста топ жарғандар қатарында қордайлық ұстаз Бекжан Бекбосын да болды.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен сайыста 25 палуан күш сынасты. Өз аймақтарында іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Кәсіподақ барысы – 2023» облыстық финалына жолдама алған барыстардың жекпе-жегіне ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші Руслан Мухамедхалиев бастаған төрешілер алқасы төрелік етті.
Спортшыларға Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушы, ардагер спортшы Жахит Марат, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Назарбек Ізтілеуов пен ұйымдастыру Алқасының төрағасы, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
90 кг дейінгі салмақ дәрежесінде финалдық тартысты белдесуде жерлесіміз, №32 В.Маяковский атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бекжан Бекбосын жүлделі ІІ орынды иеленіп, арнайы белбеу және 120 000 теңгені қанжығаға байлады.
Құттықтаймыз!