ҚОРДАЙЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

0

Соңғы уақытта аудан жастары спортқа ерекше ден қойып, белсенділік танытып келеді. Әсіресе ММА, яғни ережесіз жекпе-жектен спортшыларымыз түрлі деңгейдегі турнирлерге қатысып, жеңіс төрінен көрінуде. Аудан намысын қорғап жүрген қордайлық палуандардың жемісті жеңісі туралы газет бетінде де жиі жариялап тұрамыз.

Спортты серік еткен жерлестеріміз жуырда тағы да олжамен оралды. Бұл жолы аудан атын әлемге танытқан спортшымыз – Қамбар Қоқомбай. Қордайлық палуан Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен ММА-ден Азия чемпионатынан бірінші орынды иеленді. 15 жылдан астам уақыт спортпен айналысып келе жатқан жігерлі жігіттің қоржыны жүлдеге толы. 2023 жылы Астана төрінде өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Грэпплингтен Азия чемпионы, Теміртау қаласында өткен джиу-джитсудан және грэпплингтен Әлем кубогының иегері, ММА-ден, панкратионнан, Бразилиялық джиу-джитсудан, грэпплингтен спорт шебері мұндай жетістіктерге үздіксіз жаттығулардың арқасында жеткен. Ол тәулігіне екі рет, таңертең және кешкі уақытта міндетті түрде жаттығып тұрады. «Чемпионат болатын уақытта міндетті түрде таңғы 7-ден 9-ға дейін және кешкі 7-ден 9-ға дейін күреске дайындаламын. Жай күндердің өзінде тәулігіне бір рет жаттығу жасаймын, жүгіремін. Спорт  менің ойымша, тәртіп, тәрбие құралы. Спортпен айналысқан адам әрдайым дұрыс жолда жүреді»,-дейді чемпион. Қазақстан Республикасы құрамасында 94 келі салмақта күресіп жүрген қордайлық палуанның жеңісті жолы мұнымен тоқтамайтынына сенім мол. Алдағы дүбірлі додаларда көк туымызды желбірете беруіне тілектеспіз.

Жуырда тағы бір жерлесіміз спорт бәсекесінде жеңіс тұғырынан көрінген болатын. 16 жасар Қазбек Хасанов ММА аралас жекпе-жектен халықаралық турнирдің чемпионы атанды. 4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысын жеңісімен құттықтап, өмірде де, спортта да жолы ашық болсын деп тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.