Жекпе-жекке қызықпайтын ер-азамат жоқ десем қателеспеймін. Бірі тартысты күресті тамашалағанды ұнатса, енді бірі спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысқанды жөн көреді. Ал боз кілемде белдесу үшін ең біріншіден батылдық қажет.
Жуырда Қырғызстанның Қаракөл қаласында «Тұлпар» спорт клубының жүлдесіне ММА бойынша турнир өтті. Аталмыш жарысқа «Қордай батыр» спорт клубының 5 тәрбиеленушісі қатысып, Жамбыл облысының намысын қорғады.
Біздің файтерлер сенімді ақтап, жекпе-жектерді ойдағыдай өткізді. Қайрат Қатчибаевтың тәрбиеленішулері жақсы техника көрсетіп, нәтижесінде 3 алтын және 2 күміс жүлделерге ие болды. Алтынға қол жеткізгендердің қатарында Максет Қайсар 28 кг, Бақберген Амир 28 кг және Пулат Мурсалиев 120 кг болды. Пулаттың жасы небәрі 18-де, бірақ өзімен қатар қарсыластың жоқ болуына байланысты оған қарсы өзінен жасы үлкен тәжірибелі файтер шығарылды. Дегенмен, бұл жерлесіміздің жеңіске жетуіне кедергі болған жоқ. Біздің спортшыларға жаңа белестерді бағындырып, жеңіске жете берулеріне тілектеспіз.
— Алда көп жарыстар бар, біз оларға дайындықты бастап кеттік, босаңсуға уақыт жоқ. Көмек көрсеткен ата-аналар комитетіне және Асқар Жұмабаевқа алғысымызды білдіреміз. Балалар осындай жарыстарға солардың арқасында шығып жүр. Спортшыларымыз сенімді ақтап, турнирге ойдағыдай қатысып шықты. Сондай-ақ жеке өзімнің және балалардың атынан №51 ОМ директоры Күлсімхан Нүсіпбаеваға мектеп спорт залын ұсынғаны үшін үлкен рахмет айтамын,- дейді Жамбыл облысының «Жекпе жек» федерациясының Президенті Қайрат Қатчибаев.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар, грамота мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ