Бүгін Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында азаматтарды қабылдау шарасы өтті. Аудан тұрғындарына құқық қорғау және атқарушы орган өкілдерінен жеке мәселелері бойынша тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігі берілді.
Қабылдауды Қордай ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, бөлім мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері жүргізді.
Игі бастама барысында жүздеген қордайлық тұрғын тегін құқықтық көмекке жүгінді. Қабылдау кезінде тұрғын үй, жер қатынастары, денсаулық сақтау және әлеуметтік бағыттағы сұрақтар бойынша сала мамандары нақты кеңестер берді.
Бұл шара заң тұрғысынан кеңес ала алмай жүрген азаматтарға әр мекемеге бөлек бармай-ақ, барлық сұрақтарына бір жерден жауап алуына үлкен мүмкіндік жасады. Бұл «Заң мен Тәртіп» қағидатының да бір көрсеткіші деп түсінген абзал.
Ал, жалпы акцияның басты мақсаты – халықтың барлық топтары үшін заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық мәдениетті насихаттау және заң жүйесіне деген сенімді арттыру болды.