Қордай ауданында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев басқарды. Отырысқа құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, комиссия мүшелері және барлық ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиынның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, сонымен қатар, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Күн тәртібі бойынша бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Бірінші, баяндаманы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғазиз Бектұрғанов интернет алаяқтықтың жаңа өсімі мен қылмыстардың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі туралы баяндама жасады. Бұл мәселелер бүгінде өте өзекті, әсіресе, интернет кеңістігінде алаяқтықтың кең таралуы саладағы жауапты органдардың және мемлекеттік институттардың жұмысына ерекше назар аударуды талап етеді.
Келесі мәселе ретінде мемлекеттік шекара арқылы қасақана заңсыз кесіп өту фактілерінің жолын кесу талқыланды. Бұл тақырып бойынша «Қордай» шекара басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Нұрланов және Ауқатты ауылдық округі әкімінің орынбасары Алмас Иенберген баян етті. Мемлекеттік шекараны қорғау ел тұрақтылығының негізі. Комиссия мүшелері аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар жасауға ниетті екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, нашақорлық және есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғазиз Бектұрғанов пен Сарыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Ибраимов баяндады. Бұл мәселе еліміздің әлеуметтік әл-ауқатына үлкен әсер ететіндіктен, құқық қорғау органдары тарапынан атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігі аса маңызды.
Комиссия отырысына, Жамбыл облысы ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Асылбеков арнайы қатысып, өңірдегі құқық бұзушылықты болдырмау шараларына қосымша ұсыныстар мен пікірін білдірді.
Орын алған құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың пайда болуына ықпал ететін себептерді жою үшін комисссия отырысының қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Төленұлы құқық қорғау органдары мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Олар қабылданатын шаралар мен ұсыныстарды әзірлеп, өңірдегі құқық бұзушылықпен күресті одан әрі тиімді іске асыру міндетін алды.
Бұл шара – аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтарды болдырмаудың негізгі жолдарын қарастыру арқылы тиімділікті арттыруға бағытталған негізгі іс-шаралардың бірі. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің тұрақты ынтымақтастығы, сондай-ақ, қоғамның барлық мүшелерінің қауіпсіздігі үшін белсенділігі мен жауапкершілігі құқық бұзушылықтардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Отырыс қортындысында қабылданған шешімдер мен ұсыныстар халықтың ынтымақтастығын нығайтуға және қауіпсіз өмір сүру шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.