Қордай ауылындағы спорт кешенінде Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының және Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен каратэ-до киокушинкайдан балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында Жамбыл облысының жетінші ашық турнирі және Қордай ауданының бірінші ашық балалар фестивалі өтті.
Турнир «ҚОРДАЙ-БАРЫС» спорт клубының құрылғанына 10 жыл толуына арналғанын айта кеткен жөн. Жарысқа қатысқан 270 спортшы 12 жастан 15 жасқа дейінгі аралықта түрлі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Оған көршілес Қырғызстан Республикасының, сондай-ақ еліміздің қалалары мен облыстарынан, атап айтсақ Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы, Қарағанды, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай ауданының жас каратэшілері қатысты. Жыл сайын сәуір айында жалауын желбірететін бұл турнир дәстүрлі жарыстар қатарына кірген болатын. Қордай жерінде каратэ-до киокушинкайдан үлкен спорттық форумдар өткізіліп келді. Бірақ, пандемия кезінде мұндай шараларға тыйым салынып, тіпті кейбір клубтар жабылуға шақ қалған еді. Бірақ, барлық қиындықты жеңе білген каратэшілер бұл байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен келгенін алғашқы күні-ақ көрсете білді.
Турнирдің ашылу салтанатына Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Н.Садықов қатысып, жас спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеп, қонақтарға да естелік сыйлықтар табыс етілді.
Кілемшеде күніне алты сағатқа созылған тартысты бәсеке екі күнге ұласып, жас спортшылар кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде, шеберлік танытып, ауыр салмақта қарсыластарынан асығы алшысынан түскен «ҚОРДАЙ-БАРЫС» каратэ клубының тәрбиеленушілері Б.Топшаков, Н.Есенгелді, А.Лаахунов, Н.Жанарбек, С.Дәулетхан және Қ.Қуат бірінші орынды жеңіп алса, екінші жүлде П.Попов, Н.Есенгелді, А.Ганиев, Т.Болысбек, Р.Жапарбек және Е.Нұрманға бұйырды.
Үшінші орынға Д. Есенгелді, М.Мұратов, А.Қарқынбай, А.Талғат, Х.Ганиев, А.Сәдірбай, Р.Лаахунов, Н.Қарқынбаева орнықты.
Жеңіске жеткен спортшылар диплом және арнайы кубокпен марапатталды.
ҚОРДАЙЛЫҚТАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА
Prev Post
Next Post