Елорда төрін дүбірге бөлейтін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына да санаулы күндер қалды. 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін этноспорт түрлерінің дүниежүзілік додасына 89 мемлекеттен 2 мыңнан аса спортшы қатысады.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Бұған дейін Қырғызстан елінде үш мәрте, 2022 жылы Түркия жерінде төртінші рет ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпелілер ойындары енді далалық мәртебеден қалалық өркениетке ойыспақ. Олай дейтініміз, Қырғызстан этноспорт ойындарын Ыстықкөлдің жағасында ұйымдастырса, Түркия Изник елді мекенінің маңындағы дала төсінде өткізді.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары үш бағытта өрбиді. Бұған дейін көшпелі халықтың көшелі мәдениетін танытуға басымдық берілсе, елорда төріндегі дүбірлі аламанда этноспорттың салмағын арттыруға күш салынбақ. Сондықтан да 21 спорт түрін қамтитын айтулы аламанда спортшылардың самдағайлығы сыналады.
Бұған дейін дала төсін дүбірлеткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын этноспорт олимпиадасына айналдыру мақсатында қалада жалғастырудың маңызы зор. Біріншіден, инфрақұрылым қандай талапқа да сай. Сервис мәселесінде де кілтипан болмайды. Оның үстіне елорда төріндегі дүбірді қабылдайтын жеті спорттық нысан да бір-бірінен тым шалғай емес. Мысалы, зияткерлік ойын түрі бойынша үміткерлер бағын сынайтын «Думан» қонақүйі, күрес түрлерінен доданы қабылдайтын Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, толағайлардың тартысы қызатын «Алау» мұз сарайының арақашықтығы – көзкөрім жер.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін «Астана Арена» стадионы қабылдайды. Дүбірлі доданы ұйымдастыру мәртебесі Қазақстанға бұйырған соң, айтулы аламанның ашылу рәсімін осы стадионда өткізу ұйғарылды. Төрткүл дүниенің әр тарабынан келетін спортшылар мен туристердің алдымен атбайлар жері – «Астана Арена» стадионы.
Күрделі жөндеуге былтыр күзде жабылған стадионда қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. БАҚ өкілдеріне жұмыс барысын Астана қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Құрбанбекұлы таныстырды.
«Стадионның күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 500-ден аса жұмыскер күш қосып жатыр. Шаруа қарқынды жүргізіліп келеді. «Астана Арена» стадионының төбесін, яғни ашылып қайта жабылатын жылжымалы шатырын ауыстыру толыққанды аяқталды. Межелі мерзім – 20 тамыз. Сол күнге дейін «Астана Арена» стадионының күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады. Сыртқы абаттандыру шаруасы да тиянақталады», деді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.
2009 жылдың шілдесінде салтанатты ашылу рәсімі өтіп, пайдалануға берілген «Астана Арена» стадионына содан бері мұндай ауқымда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. 30 мың жанкүйерді еркін қабылдайтын еліміздегі ең ірі стадионда бұған дейін де байрақты бәсекелер өтті. Футболдан ұлттық құраманың матчтарынан бөлек клубтардың Еурокубок додаларындағы тартысын қабылдады. Одан бөлек, 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларын дүбірге бөлеген VII қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі осы стадионда өтті.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін қабылдайтын стадионның күрделі жөндеу жұмыстарына отандық құрылыс материалдарын пайдаланып жатырмыз. Бұған дейін нысанның төбесінен су өткені де қоғамның сынына ұшырағанын білеміз. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, мұндай олқылық қайталанбайды деп сенеміз. «Алау» мұз сарайы мен «Астана Арена» стадионына күрделі жөндеу мен реконструкция жұмысын жүргізуге 29 млрд теңге бөлінді. Жұмыс күші жеткілікті, жүктелген міндетті уақытында орындаймыз», деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол «Алау» мұз сарайының да күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталып пайдалануға берілетінін атап өтті. Бұл кешенде өзбектің ұлттық ойыны кураштан, түріктің ашыртмалы аба гюреші, қырғыздың ордо ойынынан, қазақтың асық ату, бес асық, мас-рестлинг, арқан тартыстан да дода ұйымдастырылады.
Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының дүбірін сездіретін символикалық нышаны көпшілік орындарға қойылды. Мәселен, елорданың барлық ауданындағы саябақтар мен сауда, ойын-сауық кешендерінің маңында күзде өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына қанша күн қалғанынан белгі берер сақа бейнесіндегі сағат, теміржол вокзалы маңына, әуежай алдына, саябақтар мен гүлбақтардың кіреберісіне басқа да декоративтік кескіндер орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары доданың дүбірінен құлағдар болады.
Этноспорт додасын өткізу мақсатында Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарына да күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін атшабардағы доданы
5 мың көрермен көретін орын болса, енді қосымша тағы 5 мың орын қосылмақ. «Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен сайыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар көкпар, қырғыздың көкбөрі ойыны бойынша тартыс өтеді.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев «Қазанат» атшабарының маңында бой көтеретін этноауылда теңге ілу, жамбы ату, құс салу сынды ұлттық спорт түрлерінен дода ұйымдастырылатынын атап өтті.
МЕРГЕНДЕР ДЕ, БАЛУАНДАР ДА БАБЫНДА
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ел сенімін арқалап шығатын спортшыларымыздың дені оқу жаттығудан өтті. Мысалы, асық ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері жыл басынан бері оқу жаттығудың бірнеше кезеңін өткерді. Бүгінде Бурабайда кезекті жиынды Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлерінен республикалық олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтіп жатыр.
«Мұнда Астана, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстарынан келген ұлттық құрама мүшелері жиналды. Барлығы да – түрлі іріктеу жарысында өздерінің мергендігін паш етіп, дараланған спортшылар. Жігіттер мен қыздардың көңіл күйі көтеріңкі, жаттығу жиынына қажеттің барлығы бар. Көшпелілер ойындарына тыңғылықты дайындалу үшін осындай мүмкіндік туғызған Ұлттық және ат спорты орталығына айтар алғысымыз зор. Бұйырса, байрақты бәсекеде бас жүлдені олжалап, байрағымызды желбіретуге бар күшімізді саламыз», дейді Асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы.
Бас бапкер асық ату мен бес асықтан бәсекелестік жоғары болмағанымен, қырғыздың ордо ұлттық ойынында тартыс қызып тұрғанын айтты.
«Біздің спортшылар үшінші оқу-жаттығу жиынын Қырғызстанда сол елдің құрамасымен бірге өткізді. Сонда байқағанымыз, орда ойынын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін керемет меңгерген екен. Бұқаралық сипат алғандықтан да бәсекелестік жоғары. Спортшыларымыз Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына ордо сайысы бойынша үш рет қатысты, тек 2018 жылы ғана жүлде бұйырды. 2022 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ордо спорты қысқартылды. Ал асық ойыны биыл этноспорт аламанына алғаш рет енгізіліп отыр. Асық ату федерациясы құрылып, жер-жерде үйірме ашып, өзге мемлекеттерге де асығымызды таратып насихаттаудың нәтижесі көңіл қуантарлық. Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресейдің Саха республикасының спортшылары да асық ату бойынша басты бәсекелесіміз саналады. Оқу-жаттығу жиынында 16 спортшы, 2 бапкер жаттығу жиынында жүр. 8 спортшымыз асық ату мен бес асықтан сайысқа түссе, қалған 8 саңлақ қырғыздың ордо додасында шеберлігін сынайды. Өз елімізде өтетін дүбірлі додада барымызды саламыз», деді Жомарт Сабыржанұлы.
Бұл – асықшылардың жыл басынан бергі төртінші оқу-жаттығу жиыны. Соңғы жаттығу Көшпелілер ойындары алдында Астана қаласында өтеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде асық ату сайысына 17 мемлекеттің спортшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Жанкүйер мен қалың көрерменнің күтетін додасы – көкпар. Әсіресе бітіспес қарсылас атанған қазақ-қырғыз тартысын асыға күтетіндердің қарасы қалың. Олай болатын да жөні бар. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының өтіп келе жатқанына 10 жылдың жүзі болса, осы кезеңде этноспорт додасын көкпаршылар қыздырып келеді. Бас бәйгені бірде олар, бірде біздің көкпаршылар бөктеріп жүрген тартыстың қызықты өтуі заңды да. Көпшіліктің асыға күткен көкпар додасына ұлттық құрама мүшелері қаншалықты әзір? Дайындық барысы қалай өтіп жатыр? Ұлттық құраманың мүшелері былтырғы ел чемпионатынан кейін жасақталған еді. Көкпар федерациясы президентінің кеңесшісі атқарушы хатшысы Қарлығаш Әсетқызы құрама мүшелері оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатқанын айтты.
«Көкпаршылар жаттығудың төртінші кезеңін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар аулындағы олимпиадалық даярлау орталығында өткізіп жатыр. 24 шабандоз көкпар мен көкбөрі ойындарында ел намысы үшін додаға түседі. Оқу жаттығудың үшінші кезеңінде құрамаға мінетін аттарды іріктеп алдырдық, көкпаршылар аттарды додаға бейімдеп жатыр. Ұлттық құрама сапындағы спортшылардың басым көпшілігі Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Атырау облыстарының командасынан шақырылған», деді Қарлығаш Әсетқызы.
Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері де Алматы облысында кезекті оқу жаттығу жиынына жиналды.
«Біз биылғы қаңтар айынан бері Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындықты жоспар бойынша өткізіп келеміз. Бұл – оқу-жаттығу жиындарының үшінші кезеңі, алда тағы бір кезең бар. Жаттығу жиынына ұлттық құрама сапына қабылданған спортшыларымыздың екі құрамы да қатысады. Қазір спортшыларымыз біртіндеп бабына еніп келеді. Ат үстіндегі атыстың қиындығы сол астыңдағы жүйрікті де қоса жаратып, баулу қажет. Сондықтан да аттардың дайындығын арттыруға қыруар күш сарп етіледі. Моңғолия, Индонезия, Малайзия, Мажарстан, Араб елдерінің мергендері – лайықты қарсыласымыз. Бұл мемлекеттерде жамбы ату спорты өте қарқынды дамып келе жатқандықтан да бәсекелестік жоғары. Біздің спортшыларымыз барын салады деп үміттенеміз», деді жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.
Жамбы атудан тұңғыш әлем чемпионы Ералхан Айкөз Астана төрінде өтетін айтулы аламанда жанкүйерлерді қуантуға барын салатынына сендірді.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына әзірлік жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Жамбы ату спортынан бәсекелестік өте жоғары, бірнеше стиль бойынша өтетін сайыстың жылдан-жылға деңгейі көтеріліп келеді. Сондықтан анау мықты, мынау осал деп салмақтауға әсте болмайды», дейді мерген Ералхан.
Қазақ күресінен ұлттық құрама мүшелері кезекті оқу-жаттығу жиынын 1-14 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучье қаласында өткізеді. Бас бапкер Ғани Келдіқұлов Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазақ күресінен, қырғыздың алыш, өзбектің кураш, түріктің ашыртмалы аба гюрешінен сынға түсетін балуандарды ел біріншілігі, әлем чемпионаты, әлем кубогі сынды додаларда озып шыққан үздіктер арасынан іріктеп алғанын айтты.
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ