ҚЫТАЙ ӨНДІРІСІ, ЖАПОН ТЕХНОЛОГИЯСЫ

0

Кәсіпкерлікте тәжірибе алмасу жаңа әріптестік байланыстарды нығайтып, тың мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Ал, сол тәжірибе алмасу халықаралық деңгейде болса тіпті тамаша. Ол бүтін бір саланы дамытуға, инвестиция тартып, жаңа идеялардың туындауына, сол арқылы бизнесті жаңғыртуға серпін береді. 

Қазіргі таңда қордайлық кәсіпкер Талғат Сәрсембаев осындай игілікті істерді қолға алуда. «Еко чикен» және «Қордай корм» АШК жетекшісі ретінде танымал Талғат Ахметбекұлы жақында қытайлық және жапониялық әріптестерімен байланыс орнатып, аталмыш елдерге сапар шегіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алыпты. Өткен айда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған болатын. Сол сапарда делегация құрамында болған Талғат Сәрсембаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

-Талғат Ахметбекұлы, өндірісі өрге домалаған екі алып мемлекетте болып, ондағы бизнестің қалай жүргізілетіні турасында өз көзіңізбен көріп қайттыңыз. Сол жайында айтып өтсеңіз.

-Иә, жақында Қытайда, ал былтыр Жапонияға сапар шегіп, жақсы тәжірибе алмасуға қол жеткізген болатынбыз. Алдымен, іргеміздегі Қытай еліне сапар турасында айтар болсам, ол жаққа облыс басшысымен бірге үлкен делегация құрамында бардым. Шаньдун провинциясында Қазақстан-Қытай бизнес-форумына қатысып, онда Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған болатын. Цзинань қаласындағы келіссөздер  «Shandong High Speed International» компаниясының жұмысымен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, сапар барысында ауыл шаруашылығы техникасын шығару, астықты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал азығын өндіру, қайта өңдеумен айналысатын және электр энергетикалық нысандар құрылысы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы компаниялардың жұмысын көріп, өкілдерімен жүздестік.  Сондай-ақ, кездесулер барысында су үнемдеу жүйелерін енгізу және сусорғы құрылғыларын шығару мәселелері жан-жақты сараланды.

Біз үшін ол жақтан үйренеріміз көп. Соған көз жеткіздік. Алдағы уақытта әріптестік байланысты нығайтып, өз елімізде, аймағымызда сол мемлекеттегі озық тәсілдерді қолдануға бел буып отырмыз.

-Сол провинциядағы ірі кәсіпорындар турасында кеңінен тоқталсаңыз…

-Әлемдегі ең ірі 500 кәсіпорынның қатарына кіретін «Shandong High Speed International Company» мемлекеттік инвестициялық компаниясы көлік, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және пайдалы қазбалар салаларында инвестициялық ынтымақтастықты жүзеге асырады екен. Шаньдун провинциясындағы өзге де ірі өндірістік кәсіпорындарды аралап, бизнес-топтармен бірқатар іскерлік кездесулер өткіздік. Сол жақта «СиньФа» заманауи ауыл шаруашылығы және индустриялық паркіне барып, техникаларымен таныстық. Сондай-ақ, іс сапар аясында «SHIFENG GROUP» (ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші), СиньФа» (құрылыс материалдарын өндіруші), «GAMBOL» (мал азығын өндіруші), «ZhongtongBus» (автобус шығарушы) секілді бірнеше ірі компаниялардың өкілдерімен кездесулер өтті. Осылардың ішінде «GAMBOL» және «SHIFENG GROUP» компаниялары ынтымақтастық орнатуға ниеттестік білдірді. Ал, мен өз тарапымнан «Қордай Корм» АШК жұмысы туралы презентация жасап, өзіміздің қазіргі таңдағы жұмысымыз, алдағы жоспарларымыз турасында баяндама жасадым. Бұл қытайлық әріптестер тарапынан жақсы бағаланып, болашақта байланыс орнатуға мүмкіндік алдық. Аймақтың инвестициялық әлеуеті және мүмкіндігімен танысу мақсатында қытайлық компанияларды өзімізге шақырып,  экономикаға серпін беретін жобаларды жан-жақты қарастыратын болдық. Көктем айында олар Қордайға келіп, біздің кооператив жұмысымен танысуға ниет білдірді.

Мәселен, үйдегі жануарлар тағамын жасау, түрлі көлемдегі тоңазытқыштар біздегі бизнесті дамытуға үлкен сеп болатыны анық. Біздің олардан үйренеріміз көп. Бірақ, Қазақстандағы мүмкіндіктерді ескерсек біздің елімізде де олардан қалыс қалмай, сондай деңгейде дамудың даңғыл жолына шыға аларымыз сөзсіз. Ол үшін жұмысты, ойлау қабілет пен бизнес жасаудағы идеяларды түбегейлі өзгертіп, тың дүниелерді қолға алған абзал. Бұйырса, қытайлық инвесторлармен жұмысты бастайтын боламыз, ол турасында әріптестермен әрдайым бөлісуге дайынбыз.

-Енді, былтыр Күншығыс елі саналатын Жапонияға сапарыңыз жайына көшсек. Қандай сезіммен оралдыңыз, жалпы ол ел мәдениеті мен технологиясы, бай тарихымен танымал ғой…

-Иә, рас, Жапон елі әлемді таңдандыратын, таң қалдыратын ел. Былтыр жаз айында сол елге сапарлаудың сәті түскен болатын. Хоккайда аралында орналасқан Обихиро қаласында болдық. Онда «Нобелс» деп аталатын ферманың жұмысымен таныстық. 35 мыңға дейін ірі қараны бордақылайтын орында арнайы өз технологияларын қолданады екен. Сол жерде «мраморный ет» беретін бұқалар өсіріледі. «Вагю» деп аталады. Ол тұқымдардың еті өте пайдалы, әрі жеңсік ас саналады. Әрине, бағасы да өте қымбат болып келеді.  Өздерінің лабораториясы, арнайы шығарылған тұқымы бар. Барлық жұмыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады.

Сонымен бірге, сапар барысында сол қаладағы құрама жем өндіретін кооператив жұмысымен таныстық. Ондағы ерекшелік майда шаруалар бір жерге өнімін өткізеді, олар оны өңдеп саудаға шығарады. Барлық іс жұмыла атқарылғандықтан жүйелі іс жасалып отыр. Мәселен, олар қолданып отырған жаңа технологияларды бізде де іске асырса болады. Силос дайындау мен биогаз өндірісінің жаңа технологиясы да таңдандырмай қоймайды.

-Жапондықтардың жұмыс істеу тәсілі ерекше болады дейді. Сол жайында сөз етсеңіз…

-Расында, олар жұмысқа өте берілген халық. Жауапкершіліктері жоғары. Мәселен, қазіргі таңда ол жақта «Кайдзен» әдісі кең тараған. Ол тәсіл туралы өзім де көп іздендім. Бұл бизнес пен адам өміріндегі процестерді үздіксіз жақсартуға бағытталған жапондық тәжірибе немесе философия. «Кайдзен» әдісі  үздіксіз жақсартуға әкелетін шағын қадамдар стратегиясы ретінде анықтайды. Бұл өндірістік процестердің, басқару жүйелері мен дайын өнімнің сапасын жақсартуға әкелетін байланысты әрекеттердің жиынтығын білдірді. Осы ұстанымды олар мықты қолдануда. Соның арқасында оларда жұмысшы тұрақтылығы жақсы. Сол әдісті бізде қолдана білсек үлкен жетістікке жетеріміз анық. Өйткені, қазір қандай өндіріс орнын алып қарасаңыз да жұмысшы тапшы. Ал, сол «кайдзен» әдісі жұмысшыларды бір отбасындай етіп жұмылдыруға сеп болады екен.

-Керемет. Әрі қарай жалғастырсақ. Жапонияда бизнес мәдениеті қалай қалыптасқан, олардың ерекшелігі неде? Осыған тоқталсаңыз…

-Күншығыс еліне барар алдында маған таныстарым «мәдени шок» аласың деген болатын. Бірақ, мен бір нәрсені ұғындым. Олар да біз сияқты адам. Оларда бар ақыл бізде де бар. Темірдей тәртіпті, өзгенің ала жібін аттамау, жұмысқа адалдық, елге адалдық орнаған тұста біз олардан асып түспесек кем түспейміз. Мәселен, ол елде әр жұмысқа өте мән беріп кіріседі. Үлкен ғылыми институттар жұмыс істейді. Ғылыми тұрғыда көп мән береді барлығына. Жаңа технологияларды қолдану жағынан олардың қашанда көш бастап тұрғаны айтпаса да белгілі.  Ал, бизнес жүргізу жайына келер болсам, Жапонияда кез-келген қалада бизнесті қолдау орталықтары жұмыс істейді. Кәсіпкерлікпен айналысам деген адам сол жерге барып, өзінің бизнес идеясын айтады. Қолдауға тұрарлық дүние болса олар тіпті жобасымен бірге қаржысына дейін тауып береді. Одан әрі де қолдап отырады. Сапарымыз барысында бізде сол орталыққа барып, олармен кездесіп, жалпы бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды сұрадық. Сұранысымыз жерде қалмады. Үш күннен соң сол қалада үлкен кездесу өткіздік. Олар өз тарапынан кәсіптері туралы айтса, біз жалпы еліміз, оның ішінде өз аймағымыздағы бизнес турасында баяндама жасап, түсініктеме беріп, әрі қарай әріптестік байланыс жасауға келістік. Жапондықтар біздің елімізге үлкен қызығушылық танытты, әрмен қарай байланысымыз нығая түсетін болады деп сенемін. Сапар барысында Жапондық халықаралық әріптестік агенттігінің президенті Акихико Танаканың қолынан «Жапондық бизнес мүмкіндіктерді игеру бойынша арнайы бағдарламаны сәтті аяқтағыны туралы» сертификатқа ие болдым. Яғни, бұл тек саяхат емес, оқу, әріптестік байланысты нығайту болды.

Сұхбатыңызға рахмет!

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.