МОРАТОРИЙ АЯҚТАЛДЫ. ЖАППАЙ ТЕКСЕРУЛЕР БАСТАЛА МА?

0

Бүгінгі күні кәсіпкерлерді алаңдатып отырған сұрақ осы.

Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 1 қаңтарында шағын бизнес және микрокәсіпкерлікті тексеру және профилактикалық бақылауға мораторий аяқталды. Енді мораторийдің 3 жылдық мерзімі біткен соң, кәсіпкерлер мемлекеттік тексеру мен бақылаушы органдардың жаппай тексеруі басталады ма деп алаңдаулы.

Осыған орай, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасында облыстық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тексеру жүргізу талаптары мен тәртібін түсіндіру мақсатында жиын өтті. Дөңгелек үстел бейнеконференцбайланыс (БКБ) арқылы ұйымдастырылды.

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізу мүмкіндіктерін күшейтіп, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтынын атап өткен жөн.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев ашты. Облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы өз сөзінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында облыс прокуратурасы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруда. Прокуратурада қадағалау органдарының, қоғамдық ұйымдардың және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Мораторийдің аяқталуы негізсіз тексеруге себеп болмауы керек. Әрбір тексеріс прокуратураның ерекше бақылауында. Биылғы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің мәселелерін Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешу жұмыстары жандана түсетініне сенімдімін. Прокуратура қазір жаңа жобаны әзірлеуде. Ол прокурорлық фильтр. Осы жоба аясында орта және ірі бизнеске қатысты қадағалау органдарының барлық тыйым салу және шектеу шаралары енді прокуратурамен келісілуі керек»,- деді ол.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Н.Ергебаев, облыс прокуратурасы басқармасының басшысы Е.Мақашев, Құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті Департаментінің бөлім бастығы Э.Измагамбетова, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары У.Алибеков, облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт сөндіру бақылау басқармасының бастығы М.Акимбаевтар сөз сөйледі.

Аймақтық жиыннан кейін Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оның барысында Қордай ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Марат Асаров, мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ерназ Қайнарбаев сөз сөйлеп, қойылған талаптардың мәні мен тексеру жүргізу тәртібін түсіндірді.

Тексеру және бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардың өкілдері дөңгелек үстелге қатысушыларды шағын және микробизнес субъектілерін жаппай тексеру жоспарланбағанын, бұл органдар өз қызметін, әсіресе, бірінші жартыжылдықта түсіндіру және алдын алу жұмыстарына бағыттауды көздеп отырғанын жеткізді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.