ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

0

Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы орасан, сондықтанда, қызылша жұқпасының белгілерін тұрғындарға жеткізіп отырмыз. Қызылша — жедел жұқпалы ауру. Негізгі белгілері: қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданады.

Этиология. Қызылшаны тудырушы вирус көлемі 120-250 нм (polinosa morbillarum). Вирус қыздырғанда, күн сәулесінен, залалсыздандыратын химиялық қоспалардан өліп қалады.

Эпидемиология. Ауру тек науқас адамнан жұғады. Аурудың жасырын кезеңінің 2-ші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда, өзіне жұқтырады.

Қызылшаның белгілері, өрбуі. Жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Теріде қызылшаның бөртпелері пайда болғанда Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері кетіп қалады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады (ұнның ұрпағындай). Қызылшаға көздің қызарып, қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін. Қызылшаның асқынғанында ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады.

Қызылша ауруының алдын алу — уақытылы егу жұмыстарын жүргізу, үйде қызылшамен ауырған науқас болғанда қарым-қатынасты шектеу. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қазақстан Республикасында алдын-ала егу балаға екі рет  12 айда және  6 жасында жоспарлы түрде тегін жүргізіледі, екі рет алдын-ала егілгендердің иммунитеті 95% құрайды, сондықтан  алдын-ала егу жұмыстарына немқұрайлы қарамай  балаларыңызға уақтылы алдын-ала екпе ектіріңіздер. Шұғыл вакцинациялау науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі. Өз денсаулықтарыңыз, өз қолдарыңызда!

И.Құдайбердиева, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау басқармасының жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.