ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ БАЙҚАУЫ

0

Кез келген адам үшін Отан – шаңырақтан, өзінің отбасынан басталады. Ал, отбасының тірегі ер азамат отбасындағы әке-шешесін, жарын, балаларын сүйеді. Осы сүйіспеншілік айналасындағы адамдарды, туған-туыстарын жақсы көруге, бауыр тартуға ұласады. Мұның арғы жағында Отан деген үлкен ұғым жатыр. Осы үлкен шаңырақтың уығын мерейлі отбасылар ұстап тұратыны рас.

Отан, отбасы мерейін үстем ету жолында елімізде атқарылып жатқан игі шаралар көп. Мәселен, жақында облыс көлемінде отбасының рухани құндылықтарын насихаттау және мәртебесін арттыруға бағытталған «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауға біздің ауданнан бес жас отбасы қатысты.
Екі кезеңнен тұрған байқаудың бірінші бөлігінде конкурсқа қатысушылар өздерін таныстырып, комиссия мүшелерінің назарына «отбасы болу өнері» атты бейнероликті ұсынды. Осы кезеңде әділ қазылардың көңілінен «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Мадияр Қарабаевтың презентациясы шығып, оның отбасы ақтық сынға жолдама алды. Отбасы күні мерекесі қарсаңында өткен байқаудың екінші бөлігінде қатысушылар төрешілер ұсынған бірнеше тақырыпты таңдап бейнеролик түсірді. Мадияр Қарабаевтың «отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбындағы бейнеролигі жоғары бағаланып, үздіктер қатарынан табылды. Осылайша, байқаудың қорытындысы бойынша әріптесіміздің отбасы екінші орынды иемденіп, ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.
Айта кетсек, Мадияр Қарабаев пен Анита Үсенова өткен жылы үйленіп, некесін қиды. Ал, биыл олардың отбасында үлкен қуаныш орын алып, дүниеге ұлы Мүслім келді. Мадиярдың аты Қордай ауданында, қала берді облыста көпшілікке таныс. Биыл 27 жасқа келген азамат жас болғанына қарамастан көптеген жетістіктерге жетті.
Тілшілік қызметінен бөлек Мадияр Қарабаев аудандық мәслихаттың ең жас депутаты, «Jas Otan» жастар қанатының Қордай ауданы филиалының жетекшісі жұмысын қатар атқарады. Сонымен қатар, Мадияр Қарабаев ақындық өнерден кенде емес. Бүгінде оның сөзіне жазылған «Қордайым менің» әнін әрбір қордайлық мақтана айтатыны шындық. Оның жары Анита Ресейдегі Қазан федералдық университетін биология мамандығы бойынша тәмамдады. Бүгінде бала күтімімен айналысатын Анитаның әлі алар асуы мен белесі алда екенінде еш күмән жоқ.
Әрине, бақытты отбасы өздігінен орнай салмайды. Оған екі жастың еңбегі, шыдамдылығы мен мандай тері ауадай қажет. Ал, осы қасиеттер екі жастың бойында бар. Қашанда өзінің белсендігімен көптің көзіне түсіп жүрген Мадиярдың алға қойған мақсаты мен арманы жетерлік. Оның сөзінше ең басты арман – елге қызмет ететін, мақтан тұтатын тәртіпті де тәрбиелі ұрпақты тәрбиелеп өсіру. Ендеше, әріптесіміз Мадиярға жаңа бастамаларына сәттілік және отбасылық бақытты тілейміз.
Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.