ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМ, ТАБЫСТЫ ШАРУАШЫЛЫҚ

0

Аграрлы өңір саналатын Қордай ауданында тірлігі тіктеліп, шаруасы жолға қойылған шаруа қожалықтары жетерлік. Солардың бірі Степной ауылында орналасқан «Медет» ШҚ-ғы.

Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен, алдағы жоспарларымен ШҚ бригадирі Талғат Жолдасбаев таныс-тырды.

Талғат Рахымбайұлы – көп жылдан бері сүйікті ісімен айналысып келе жатқан білікті маман. Оның айтуынша, ШҚ соңғы жылдары толықтай тамшылатып суғару әдісіне бет бұрған, сондықтан өнімділік те арта түскен. Биылғы жылы 100 гектардай алқапқа жүгері егіп, 24 гектардан жоңышқаны жинап алған. Агроқұрылым жұмысының негізгі бағыттарының бірі мал бордақылап етке сату болғандықтан, мал басына қажетті жем-шөпті өздері өсіріп алады. Бүгінде бордақылауға 1500 бас бұқа мен 50 бас қошқарды қойған. Негізінен жергілікті тұқым төлі дейді. Өз техникалары да жетерлік, 2 «МТЗ» тракторы және «Беларус-12212» тракторы, екі «КамАЗ» және қажетті техниканың бәрін сайлап алған.

Кез келген кәсіпорынның негізгі қозғаушы күші – білікті мамандар. Бұл ретте «Медет» шаруа қожалығы қалыс қалмақ емес. Мұнда жиырма шақты адам еңбек етеді. Ынтымағы жарасқан ұжымда әрқайсысы өзінің жұмысына зор жауапкершілікпен қарап, тапсырмаларды тыңғылықты атқара біледі.

Еңбеккерлердің бірі Юрий Юконниковты  «әмбебап» шебер десе болады. Малдың жем-шөбінің құрамын бес саусағындай біледі, өзі техниканы да меңгеріп алған. Шаруашылықта оның әйелі Аида Оразбаева аспазшы болып еңбек етеді. ШҚ оларға үй-жайын беріп, жұмысшылар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады екен. Екінші сыныпта оқитын қыздары Еркемай мен биыл мектеп табалдырығын аттаған кішкентай Елдана да ата-аналарына көмекші болып өсіп келеді. Сабақтан бос уақыттарында кішкентай бөпелерін қарасып, тұрмыста да жәрдем беріп жүр. Бүкіл ұжымның атсалысуымен мұндағы бордақыланған ірі-қараның салмағы 300-келіге дейін, қошқарлардың салмағы 50 келіге дейін жетеді.

— Қазіргі таңда жиын-терім науқаны аяқталып қалды, жемазықты дайындап алдық, техника да сақадай сай. Енді алдағы уақытта малды бордақылауға бар күш-жігерімізбен кірісіп, техниканы келесі жылға дайындай бермекпіз,- дейді Талғат Рахымбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.