Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады. Достық үйінде ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысына жиналғандар маңызды құжатта айтылған өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын жүзеге асырудың тетіктерін ұсынды.
Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Жаңа Қазақстанның қалыптасуында өзіндік миссиясы бар. Бұл туралы ҚХА төрағасының орынбасары Тауфик Кәрімов айтып өтті. Оның пікірінше, Жолдау халықтың бірлігі, ынтымағы мен біртұтастығы – жарасқан экономикалық өлшемнің айқын көрінісі. «Елдегі әлеуметтік әл-ауқаттың, бейбітшілік пен келісімнің материалдық негізін жасайтын экономикалық реформалардың табысты болуы тұрақтылық пен бірлікке байланысты. Ұсынылған экономикалық реформалар пакеті экономикалық дамудың сипатын түбегейлі өзгертіп, оны тұрғындардың әлеуетін ашуға бағытталған», деді ол.
Кеңесте депутат, сарапшы, ғалымдар мемлекеттік тіл тағдырын, Президенттің кезектен тыс сайлауын, елдің экономикалық жағдайын кеңінен сөз етті.
Отырыста сөз алған Қарағанды облысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекзат Алтынбеков Жолдауда айтылған ұсыныстар жаңа экономикалық саясатқа бетбұрыс жасайтынын мәлімдеді. «Ащы да болса ақиқатын айтайық, біздің экономиканың жетекші бағыттары әлі де шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай отыр. Елімізде электр қуатын таратушы компаниялар мен басқа да коммуналдық қызметпен айналысатын кәсіпорындар меншігіндегі желілердің 57%-дан астамы жарамсыздық шегінде тұрғанына алаңдаушылық білдірген Президент осы компаниялардың инвестициялау белсенділігін ескеру арқылы тариф саясатын күшпен ұстап тұруды шектеу қажеттігін айтты. Яғни Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасының тиімділігі зерделенуі керек. Егер тариф саясатындағы бүгінгі режім өзгермесе, біз айтып отырған желілер мен құбырлардың біртіндеп істен шығуы немесе апатты жағдайларға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа тариф саясатын қарапайым халыққа түсіндіру жұмысында баршамыз белсенділік танытуға тиіспіз. Экономиканың тұрақты дамуы қолданыстағы салық саясатына тікелей тәуелді. Салық саласының бақылау қызметін цифрландыру, пайданың жаңғыруға және ғылыми негіздемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын жеңілдету немесе одан босату тәсілін енгізу, «сән-салтанатқа салық салу» тәртібін енгізу секілді салық реформаларын қамтыған жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Жолдауда мемлекеттік мекемелердің игере алмаған қаражатын келесі жылға қалдыру тәртібін енгізу қажеттігі де айтылды. Бұл да – жаңа экономикалық саясаттың өте тиімді бағыттарының бірі. Болашақта су тапшылығы ел экономикасына да, халық тұрмысына да зор кедергі, мол қиындықтар әкелуі мүмкін», деді ол.
Б.Алтынбеков осындай ірі жобалардың жұмысына Ассамблея белсенділерін қоғамдық бақылаушы ретінде қатыстыру қажеттігін алға тартты. «Бұл тұрғыда мәслихат депутаттары, жергілікті өзін өзі басқару құрылымдары, қоғамдық кеңес мүшелері бізбен әріптестік орнатып, елдің жарқын болашағы үшін жұмыла жұмыс жүргіземіз деп сенемін», деді сарапшы.
Ал ҚХА республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай Жолдауда айтылған бірнеше мәселені қозғады. «Ұлттың ұйысуы – дамудың басты бағдары. Әлеуметтік желіде наразылыққа ұласқан тіл мәселесі толғандырмай тұрмайды. Мемлекет басшысы қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгеруі балаларға тек пайдасы тиетіндігін айтты. Бұл орайда орыс тіліне қарсылық таныта бергеннен гөрі, қазақ тілін үйретудің сапалы әдіс-тәсілдерін ойластыру тиімді. Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуының бастауы да дастарқан басынан басталады. Әр алуандылығымызды араздыққа емес, ауызбірлікке жұмылдыруымыз үшін әр қазақстандық қызмет етуі керек. Сонымен қатар қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналдыру әр қазақстандықтың азаматтық парызы дер едім. Мемлекет басшысының «Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген сөзін отбасынан бастап насихаттап отырсақ, біздің туған тілімізге нағыз қызметіміз сол болмақ. Ана тілін ардақтай жүріп, әлем тілдерін меңгерсе балаларымыз ұтпаса, ұтылмайды. Тілдің салмағын әр азамат салиқалы сөзімен және нақты ісімен көтерсе, тіліміз сонда шын дәріптелмек. Балалардың бойына осындай құндылықтарды еге отырып тәрбиелей алсақ, өзіміз армандаған алдыңғы қатарлы, қазақ тілді қоғам орнауының ауылы алыс емес», деді Баян Ахатай. Сондай-ақ ол білім, ғылым, бала тәрбиесіне де кеңінен тоқталды. «Сапалы білімге мектеп санының сай келмей жатқаны рас. Бұл бойынша атқарылатын іс-шаралар кезең-кезеңімен оң нәтижесін береді. «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асса саланың біраз мәселелері шешіледі. Осы орайда Мемлекет басшысы мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие саласындағы олқылықтарға ашық тоқталып, тәрбиешілердің әлеуметтік жағдайын көтеру, білімі мен сапалық құрамын жетілдіруге баса назар салғандығы қуантады. Балабақша балаларының бапкері біліктілігі мен жағдайы бөбектердің дұрыс адам болып қалыптасуының негізін қалайды. Осы тұста кешенді жұмыстар атқарылады деп білемін», деп пікірін түйіндеді.
Іс-шара барысында ҚХА Кеңесінің мүшелері ұлтаралық қатынастардың үйлесімді дамуына кері әсерін тигізетін кез келген қоғамдық арандатушылық пен заңсыз әрекеттерге қатаң жауап беру қажеттігін айтты. Сондай-ақ жиынға қатысушылар ақпараттық кеңістікте өзара сенімсіздік, қоғамда алауыздық тудыруды тоқтатуға шақырды.