«АХЫСКА» ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНА – 30 ЖЫЛ

0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев сонау 1990 жылдары Тәуелсіз Қазақ жерін мекендеген этномәдени орталықтардың барлығын бір ұйымға, бір шаңырақтың астына — Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктіру идеясын ортаға салған еді.

Көп ұзамай Елбасының Жарлығы шығып, оған сәйкес жер-жерлерде Ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ететін хатшылықтар құрыла бастады.
1995 жылдың сәуірінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Оған этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым өкілдері кірді. Сол жылы ұзын саны 9 этномәдени бірлестік болса, бүгіндері олардың саны 73-тен артып жығылады. Олардың 26-сы облыстық, 47-сі аудандық. Барлығы дағы азаматтар арасында патриоттық сезімді, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту жолында бірсыпыра жұмыс атқарып келеді. Облыс аумағында жеке отау құрып, бірлестік болып тіркелген этномәдени бірлестіктердің бірі — «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы. Жалпы, қасиетті Қазақ жерін өз Отаным деп санамайтын өзге ұлт өкілдері кем де кем. Олардың бірі Ахыска түріктері десек қателеспеспіз. Олар кезінде Грузияның Ахыска жерінен Қазақстанға жаппай жер аударылды. Сонау 1944 жылы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің түрік-ахыска халқын Грузиядан Орта Азия мен Қазақстан жеріне жедел қоныс аударту туралы қаулысына сәйкес түрік халқының өмірі бір мезете астан-кестен болды. Депортациялық саясаттың кесірінен Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқының жан сақтауы тек қазақ халқының бауырмалдылығының арқасында ғана мүмкін болды.
Зорлықпен көшірілген халық қилы заманда қазақ өлкесінен пана ғана емес, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, көпұлтты Қазақстан елінен өзіне лайықты орын тапты.
Жыл сайын Ахыска түріктері Алғыс айту күні қарсаңында ата-бабаларына арнап ас беріп, Құран бағыштайды. Кең құшағын жайған қазақ бауырларына шексіз ризашылықтарын білдіреді.
Жамбыл өңірінде 1992 жылдан бастап жұмыс істейтін «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» құрылғанына сәуір айында 30 жыл толыпты. Түріктердің бірлестігін соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстың белгілі азаматы, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әркез дайын сыйлы меценат Давришев Махмұтжон Мирадинұлы ойдағыдай басқарып келеді. Ташкент облысында дүниеге келген. Музыка пәнінің мұғалімі болып білім алған ол кейін іскерлікпен айналысуға бел буады. Соңғы 27 жыл бойы табжылмай еңбек еткен Махмұтжон бүгінде еңбегінің зейнетін көруде.
Оның жетістіктері әкімшіліктердің, қоғамдық ұйымдар мен спорт федерацияларының бірнеше Алғыс хатттарымен, грамоталарымен, дипломдарымен аталып өтті. Ал ең басты да салмақты марапат – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» қоғамдық медалі болып саналады.
Айта кетейік, М. Давришев Жамбыл облысында соңғы 15 жыл бойы қайырымдылықпен айналысып келе жатқан мейірімді меценаттардың бірі және құрметті азаматы. «Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамханалардың бірінде түрік ағайындар жетім балалар мен денсаулығы шектеулі бүлдіршіндерге, отбасылық жағдайы төмен, жартылай жетім, мүгедек балаларға арнап түскі ас ұйымдастырып, бүлдіршіндерге мерекелік концерттен шашу мен сыйлықтар үлестіруді жақсы дәстүрге айналдырған.
«Қайырымдылық жасаудағы басты мақсат – жандары жабырқап, еңселері түсіп, өмірден бір ерекше жақсылық, қуаныш күтіп жүрген балапандардың үмітін ақтап, көңілдерін көтеру. Әрине, біздің бұл көмегіміз жетім балалардың ата-анасының орнын толтыра алмасы хақ, денсаулығы шектеулі бүлдіршіндердің кем-кетігін толтыра алмайды. Дей тұрғанмен, уайым-қайғыларын, бір сәт болса да, ұмытып, көңілдерін шарықтатып, жүректеріне қуаныш-шаттық сезімін сыйласақ деген ынта-сезім бар», — деп өз ойымен бөлісті Махмуджон Мирадинұлы.
«Ахыска» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 42 мың түрік ағайынның басын бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып отыр. Сол арқылы елдегі этносаралық келісімді нығайтып, Қазақстан халқының этникалық мәдениетін жан-жақты өзара байытуға барынша атсалысып, өз дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін сақтау және дамыту, жастардың бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи мәдени байланыстарды дамыту жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«Мен өзім міндетті түрде түріктер көп шоғырланған аудандарға, көшелерге барып, есеп беремін, бауырлардың мұң-мұқтаждарын тыңдаймын. Мәселелерін шешуге атсалысамын. Бұл менің бірлестіктің басшысы ретіндегі тікелей міндетім», — дейді «Ахыска» бірлестігінің директоры. Этномәдени бірлестік белсенділері жылына бірнеше мәрте түрік ұлтының жоғары сынып оқушылары арасында этнос күндерін, қоғамдық-маңызды, мәдени іс-шараларды, спорттық турнирлерді, фестивальдерді, мемлекеттік тілге қатысты олимпиадаларды қалт жібермейді. «Түсіне білетін адамға, Ассамблея мен үшін Қазақстанның үлкен отбасы. 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында қалай тату-тәтті өмір сүріп жатыр деп таң қалатындар, қала берді, осы бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымызды көре алмайтындар қаншама. Ассамблея біздің ұлт ретінде жоғалып кетпей, ары қарай дамып, өркендеуімізге сенім отын ұялатады, өзіңді Қазақ жерінде бөтенсімей, туған бауырыңдай емін-еркін сезініп, өмір сүруге мүмкіндік беретін алып достық институты.
«Мен іскер адаммын, бірақ соңғы он жылда Ассамблея менің екінші үйіме айналды, өміріме араласты. Ассамблеяға келгелі бері өзімнің шын мәніндегі қоғамдағы орнымды таба бастағаныма қуанамын. Ассамблея – елді біріктіруші күш десем, артық айтқандық болмас», — деп сөзін қорытты «Ахыска» Жамбыл облыстық түрік этномәдени бірлестгінің жетекшісі Махмұтжон Давришев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.