Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепте «Естелік вахтасы. Ұрпақтар сабақтастығы» атты тағылымды кездесу өтті. Ол Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелеріне орай ұйымдастырылып, жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өтті.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысқан жауынгерлер, Семей ядролық полигонында әскери борышын өтегендер, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар, шекара қызметінің ардагерлері, сондай-ақ аталған мектептің түлектері – ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет еткен Нухаров Махмуд, Ислам Уширов, Маджид Паншаров, Харки Фантузов және Равиль Лювалинов қатысты.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықты нығайту, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қызығушылықты арттыру, халқымыздың жауынгерлік тарихын құрметтеуге тәрбиелеу болды.
Кездесу барысында мектеп директоры Ш.Есаров пен Сортөбе ауылдық округінің әкімі Р.Фушанло қатысушыларды құттықтады. Қордай аудандық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Даулет Кырғызбаев өз сөзінде ауған жеріндегі жауынгерлік бауырластық, достық пен өзара көмектің маңызы туралы әсерлі әңгімеледі. Кездесу соңында ол әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін мектеп мұғалімдерін «Ауған соғысы жауынгерлері бірлестігінің» Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Сонымен қатар, ардагерлер Мусар Машанло, Гасиров Ибращим және ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы старшина Нұржан Сағындыкова оқушылар алдында сөз сөйлеп, жастарды елін сүюге, әскери дәстүрлерді құрметтеуге және Қазақстан халқы арасындағы достықты нығайтуға шақырды.
Жиынға қатысқан «Сортөбе» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері, қатардағы жауынгерлер Рахат Орынбасар пен МейрамбеТогайбаев к шекара қызметінің ерекшеліктері мен жауапкершілігі туралы айтып, мемлекеттік шекараны қорғаудың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты А.Идыбо арнайы бейнематериалдар ұсынып, Ұлы Отан соғысы, Чернобыль апаты, Семей ядролық полигоны, Таулы Қарабақ қақтығысы мен Ауған соғысы туралы тарихи деректермен бөлісті.
Іс-шараны қорытындылаған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, отставкадағы капитан Л.Вейсер әр кезеңде әскери борышын өтеген азаматтарды ортақ қасиеттер – жауапкершілік, азаматтық ұстаным және Отанға деген сүйіспеншілік біріктіретінін атап өтті. Ол оқушыларды үлкен буын өкілдерінен үлгі алуға шақырды.
Кездесудің тәжірибелік бөлімінде 10 «А» сынып оқушылары саптық дайындық элементтерін, пневматикалық винтовкадан ату, автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтау, сондай-ақ жалпы әскери қорғаныс киімін кию дағдыларын көрсетті.
С.ТОЙГУЛОВА, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары