«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС ҮЙРЕТУДЕН БАЛАҒА»

0

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.Тәрбие мен білім-егіз. Сондықтан баланы оқыту мен тәрбиелеу қатар жүргізілетін дүние. Қазіргі таңда заманауи педагогикалық технологиялар өте маңызды және кеңінен қолданылатын ұғымдардың бірі болып табылады. Білім беру саласының басты мақсаты мен міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу, баланың қалыптасуы мен дамуына заманауи инновациялық технологияларды қолдануға байланысты. Соның ішінде айта кетер жайт педагог ретінде, тәрбиеші маманы болып ерекше балалармен жұмыс жүргізіп келеміз. Білім алу тұрмыстық немесе денсаулық жағдайымен шектелмейді. Әрбір бала білім алуға, оқуға, дамуға толықтай құқылы. Сондықтан да егемен еліміздің талабына сай ерекше балалар да біздің орталықта білім мен тәрбие алуда. Бұл жерде тәрбиешінің негізгі міндеттері – ерекше балаларды күнделікті өмірдегі қарапайым тұрмыстық дағдыларға үйрету мен өз бетінше тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыру, тәрбиелеу мен дағдыландыру. Бұл орталықта логопед маманы тілдің дамуымен жұмыс жасаса, ЕДШ маманы денені шынықтырып, дененің дұрыс қалыптасуымен жұмыс жасайды. Біздің басты мақсат – баланы ешкімнің көмегінсіз, өз-өзіне қызмет ете алу жағдайына жеткізу болып табылады. Осы орайда біздің тарапымыздан атқарылып жатқан жұмыс – баланы қоршаған ортаға бейімдеу. Олар: өз бетінше киініп-шешіну,өз бетінше дұрыс, ұқыпты тамақтану, жуыну дағдылары, өз киіміне, денесіне, келбетіне ұқыпты болу. Педагог ретінде шығармашылық жұмыстар арқылы баланың ой-өрісін, есте сақтау қабілеттерін, саусақ моторикасын жаттықтыру, қиялын жетілдіруге бағытталған шараларды да жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Ойын арқылы шапшаңдыққа, жылдамдыққа үйретіп, ойын барысында бір-бірімен достық қарым-қатынаста болуға тәрбиелейміз. Орталығымызда ешбір мереке елеусіз қалған емес. Әр мейрамда балалар мен мамандардың атсалысуымен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Көрермен ретінде үнемі ата-аналар, арнайы келем деуші қонақтар қатысады. Бұл күні балалар ән айтып, би билеп, ойындар ойнап ерекше көңіл-күймен атсалысады. Мамандар да әр баланың мінезі мен көңіл-күйін жіті бақылап, соған қарай қарым-қатынас жасайды. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, біз де өз тарапымыздан бала үшін қызмет етуден жалыққан емеспіз, жалықпаймыз деп кәміл сенеміз. Бұл мамандықтағы ең басты ұстаным – сабыр мен төзім.

Д.ЕРМУХАНОВА, К.КЕНЖЕГУЛОВА, мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығының тәрбиешілері

Leave A Reply

Your email address will not be published.