Үлкен Сұлутөр ауылы – Қордай ауданындағы көне, тарихи және мәдени құндылықтарға толы мекен. Ауыл қазіргі уақытта жасы 90-нан асқан қариялары мен ғасырға жуық тіршілік еткен аналарымен мақтана алады. Қазыналы қарттарымыз өмірлік тәжірибесі мен даналығы арқылы, жастарға үлгі болып келеді. Бұл ретте, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Үлкен Сұлутөр ауылдық мәдениет үйінде мерекелік шара өткізілді.
Шараның басталуында, округ әкімі Бақыт Қоңырбаев құттықтау сөзін айтты. Ол әйелдердің қоғамдағы рөлін, әсіресе аналар мен әжелердің отбасы мен ауылдағы орны туралы кең көлемде сөз қозғады.
«Әйел – отбасының ұйытқысы. Қашанда сіздер – қоғамның тірегісіздер. Сіздердің мейірімділіктеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, отбасы мен ауылға арналған ерен еңбектеріңіз, жастарға үлгі болып келеді. Әрбір әйел – қоғамның бет-бейнесі, мәдениетіміздің жаршысы. Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен жүрек жылуларыңызсыз бүгінгі қоғамымызды елестету қиын. Баршаңызды 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын», – деп атап өтті әкім.
Мерекелік шарада ауылдың тарихы мен мәдениетін көрсететін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Аудан өнерпаздарының орындауындадағы әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдармандарға шат-шадыман қуаныш сыйлап жатты.
Мерекенің ең маңызды сәттерінің бірі – ардагер аналарды және әжелерді марапаттау рәсімі болды. Бірқатар қариялар аудан әкімінің «Алғыс хаты» және «Қордай ауданынан сіңіргені үшін» медальдарымен марапатталды. Бұл марапаттар оларға ауылға, қоғамға, ұрпаққа сіңірген зор еңбектері мен үлестері үшін табыс етілді. Марапат алған әжелер өздерінің жүрекжарды алғыс сөздерін айтты.
Үлкен Сұлутөр ауылында өткен мерекелік шара, ауылдың ұлттық құндылықтарын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылған маңызды іс.
Адам баласы үшін ананың орны қашан да биік. Жұмақ – ананың табанының астында деген сөздің мәні аяулы жанның қадірін ерекше асқақтатып тұрғандай.
Әділет САТЫШЕВ