ӘДЕП КОДЕКСІН САҚТАУ — МІНДЕТ

0

Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейiнгi даму Стратегиясындағы ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекет құру. Мемлекет алдында тұрған стратегиялық мiндеттердiң сапалы жүзеге асырылуы, әрбір саланың дамуы мемлекеттiк қызметтің кәсібилігіне негiзделедi. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне зор мән берілуде. Оның нақты дәлелі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің қабылдануы болып табылады.
Жаңа Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын-алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар», демекші, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдептіліктен ұзамағаны жөн. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет. Әр мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде айтылғандарды басшылыққа алғаны абзал. Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлқына қойылатын талаптар халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген. Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет. Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген. Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексі талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуымыз қажет.

Мақсат АБСАЛИМ, Қордай аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.