Президент Жолдауындағы цифрлық басымдықтар талқыланды Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру «Әділет» партиясының алаңында ұйымдастырылған «Президент Жолдауының цифрлық басымдықтары: міндеттер мен іске асыру жолдары» атты сараптамалық сессияның негізгі тақырыптарына айналды. Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин, жауапты министрліктердің, IT-компаниялардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Жиында Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының тұтас кешенін құру бастамасына баса назар аударылды. Жоба есептеу инфрақұрылымын дамытуды, халықаралық инвестиция тартуды және жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуды көздейді. Бұл болашақта Қазақстанға цифрлық қызметтер мен жасанды интеллект технологияларының экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.