ӘЙЕЛДЕР – ОТБАСЫ ТІРЕГІ

0

«Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты» деп Н.Әбішұлы айтқандай, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарымызсыз қоғамды елестету мүмкін емес. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп мәселелерді көтеріп жүр. Ал гендер дегеніміз не? Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердің мінез құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын,олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдердің жиынтығы. «GENDER» — сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс — еркек,әйел дегенді білдіреді. Ал, гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Отбасы барлық кезде адами құндылықтар, ұрпақтардың мәдени және тарихи мұрасы сақталатын асыл ұя, қоғамның іргетасы саналып келеді. Жанұядан адамның өмірі басталады, осында ол азамат ретінде қалыптасады. Ендеше отбасы – бүкіл қоғамның арқауы ретінде келісім мен тұрақтылықтың нығаюына ықпал ететіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Сондықтан да қай уақытта болмасын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Әсіресе ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас ғана емес отбасындағы бақ-берекеге байланысты қарым-қатынастар белгілейді. Ең бастысы жанұяда әкенің биік орны, ананың кемеңгерлігі айрықша рөл атқарады. Бұл жерде отбасының тірегі — ер-азаматтың, әкенің рөлі ерекше маңызды. Ал отбасының ажары — әйел ең алдымен аналық жүрек жылуымен жаратылысқа жан береді, ошағының ұйытқысы-шаңырағының панасы болып табылады.
Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін қазақ мемлекеті үшін қашанда ардақты саналған. Еліміздің де тең жартысы әйел қауымынан тұрады. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағында емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстағанына қарамастан отбасының жарасымдылығына көп үлес қосып отырғаны жасырын емес.
Г.АШЫКБАЕВА,
Қордай аудандық соты кеңсесінің
жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.