Жұма күні аудан әкімдігінің баспасөз алаңында «Ауқатты ауылдық округіндегі 2025 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы міндеттер туралы» округ әкімі Алмас Иенбергеннің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Білімұлы округтегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік сала және қайырымдылық көмектер тұрғысынан атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 4 отбасына оның ішінде 19 адамға 873,9 мың теңгеге әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар, ауылдық округтің белсенді азаматтары тарапынан тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты қарттарға 600 мың теңгеге түрлі қайырымдылық көмектер көрсетіліпті. Денсаулық сақтау саласында округ бойынша 3 денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетуде екен.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында да бірқатар ауқымды шаруалар атқарылыпты. Атап айтқанда, округ бойынша 1000-нан астам қара ағаш, 20 туя ағашы отырғызылған. Автомобиль жолдары бойындағы 200-ге жуық ағаш бұталып, қураған 40-қа жуық ағаш кесілген.
Тікелей эфирде өткізілген брифингте округтің ағымдағы жылдың соңғы 5 айындағы экономикалық даму көрсеткішінен ақпарат ұсынған Алмас Білімұлы, бюджет қаражаты есебінен атқарылған шараларды да егжей-тегжейлі баяндады. Мәселен, Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Апатты жағдайдағы 40 жылға жуық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Қызылсай ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ауқатты ауылына жастардың демалыс орнын салу үшін орталық көшелерінің бірінен арнайы 35 сотық жер телімі бөлініп, демалыс орнының құрылысы басталыпты. Онымен қоса, балалар ойын алаңы, стритворкаут, шағын футбол алаңшасын салуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде екен. Ұялы байланыс желісінің және интернет сапасын жақсарту мақсатында Ауқатты ауылына Қ.Молдажанов көшесінің бойына «Билайн» байланыс операторының антеннасы орнатылып, қолданысқа беріліпті. Ауқатты ауылындағы Астана көшесіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын деседі. Тағы айта кетерлігі, Қызылсай ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде, қазіргі таңда ауыл тұрғындары ашық су көздері арқылы ауыз суды тұтынуда екен. Ауылға сапалы ауыз су желісінің құрылысын салу үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Облыс әкімдігіне бюджеттік өтінім берілген.
Қорыта айтқанда, өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Соңғы жылдары, ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатының деңгейін көтеру сияқты маңызды міндет жүзеге асырылуда.
Ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып қала бермек.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ