«ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ ДҮЛДҮЛІ»

0

Кенен Әзірбаев (1884-1976) — Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында (қазіргі Кенен Әзірбаев атындағы ауыл) дүниеге келген. Қазақтың халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі. Қазақтың  тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік және ақындық өнерін бір өзінің рухымен әлемдік биікке көтерген ұлы тұлғалардың бірі.

Кенен Әзірбаев екі ғасырдың куәсі болған, қазақтың дәстүрлі өнерін бойына сіңірген, ақындық мектебін қалыптастырған, әншілік өнерді шебер меңгерген, қалың елге кең жайылған танымал әндерді өмірге әкелген ғаламат өнер иесі ретінде  ұлтымыздың  тарихында қалды.

Қазақтың ұлы тұлғалары әр жылдарда Кенен атамыз туралы өз пікірлерін білдірген. Әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың   аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын», -деп ілтипат көрсетсе, атақты ғалым

М. Жолдасбеков: «Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз, жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер» деп ой түйеді.

Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша қазақ халқының ұлы перзенті Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына  орай  «Ұлы дала жыршысы», «Ақиық ақын», «Ән мен жырдың дүлдүлі» т.б.  тұрақты көрмелер  ұйымдастырылды. Кітап көрменің мақсаты: өмірі аңыз, өнері өнеге болған ақын, сазгер  шығармашылығы және ұлы өнерпаз жайында жазылған естелік кітаптарымен таныстыру, өшпес туындыларын дәріптеу.

К.Әзірбаев: «Мен  сүйемін халқымды» (Өлең, терме, толғаулар), 1 том.-Алматы: «Өнер» баспасы, 2007.- 256 б.

Республикалық «Өнер» баспасы қазақ халқының ұлы перзенті –Кенен Әзірбаевтың эпикалық шығармашылық ауқымын түгел қамтитын – көптомдық  шығармалар жинағының 1 – томына Кенекеңнің өлеңдері, термелері мен толғаулары енгізілген.

К.Әзірбаевтың көптомдық шығармалар жинағы зерттеушілерге, тарихшыларға арнайы мамандарға жалпы ұлт өнері мен мәдениетін биік қойып жүрген оқырмандарға арналады.

К.Әзірбаев: Көптомдық шығармалар жинағы. Жарыстым талай елдің жүйрігімен (Айтыстар мен дастандар), 2 –том.- Алматы: «Өнер» баспасы, 2007.- 144 б.

Бұл кітап – Кенен атамыздың көптомдық шығармалар жинағының екіншісі. «Жарыстым талай елдің жүйрігімен» деген, ақынның өз өлең сөзінен алынған атаумен жарыққа шығып отыр. Кітапта автордың айтыстары және дастандары толығымен жинақталды. Жинақ әдебиетшілерге, зерттеушілер мен тіл мамандарына, жоғары және орта білім беретін арнайы оқу орындары мен жалпы ұлт мәдениетін биікке қойып қастерлейтін оқырмандарға арналады.

К:Әзірбаев: «Жан серігім, домбыра». Көптомдық шығармалар жинағы. 3 –том.- Алматы: «Өнер» баспасы, 2008.- 240 б.

Бұл жинаққа ақынның халық арасында кең тараған әндерімен қоса, бұрын нотаға түспеген көптеген туындылары кірді. Осы жинаққа енгізілген үлкен екі бөлімнің алғашқысында ақынның әндері мен күйлері тұңғыш рет домбыраға лайықтап нотаға түсіріліп отыр. Екінші бөлімде  фортепианоға түскен әндері берілген.

Кенен Әзірбаевтың әндер жинағы халқымыздың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген өнерпаздарға, әншілерге, музыка саласында оқып жүрген студенттерге, жалпы өнерсүйер қауымға арналады.

К.Әзірбаев: «Аңыздар сыры». Көптомдық шығармалар жинағы. 4 –том.- Алматы: «Өнер» баспасы, 2008.- 256 б.

Кенен Әзірбаевтың  өткен –кеткен ақын –жырау, сал –сері, билер, батырлар жөнінде айтатын аңыз–дастандары, әңгімелері мол болған. Айтып қана қоймай, сол кісілердің өмірімен өзінің бала кезіндегі көрген–білгендерін байланыстыра отырып нақышына келтіре баяндаған.

Жинақ сөз қадірін білетін көпшілік қауымға арналады.

К.Әзірбаев: Қосылған қоңыр қазға әнмен үнім. Әндер жинағы. Кенен Әзірбаев. –Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2013.-200 б.

Бұл кітапта күміс көмей әнші, даңғыл жыршы, әйгілі сазгер, ақын Кенен Әзірбаевтың музыкалық шығармалары ұсынылып отыр. Әндер автордың өз орындауында әр жылдары жазылып алынған үнтаспалардан және сазгердің өзінен тікелей үйреніп қалған перзенті ҚР –ның мәдениет қайраткері Төрткен Кененқызының орындауында домбыра аспабына лайықталып нотаға түсірілді. Ән ноталарын компьютерге түсірген ақынның немересі Мұхтар Бақытжанұлы Әзірбаев.  Жинақ кәсиби әнші, жыршыларға, жоғары және орта музыкалық оқу орындарының студенттеріне, музыка зерттеушілерге, жалпы  өнерсүйер жұртшылыққа арналған.

Дүлдүл еді, бұлбұл еді Кенекең. (Кенен Әзірбаев туралы естеліктер жинағы) /Құраст.: Төрткен Кененқызы.-Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009.-240 б.

Төрткен Кененқызы. Әке рухына тағзым.-Алматы, 2019.-278 б.

Өнегелі әкеге ұқсап бағуға тырысып өскен сүйікті қызы Төрткеннің бұл естеліктері біртуар тұлғаның отбасы, ошақ қасындағы тұрмыс тіршілігі, мінез-құлқы, қарым-қатынасы жан-жақты баяндалады. Өсіп келе жатқан ұрпақтың руханиат әлемін байытары сөзсіз.

Б.Кененұлы: «Дүлдүл/Бақытжан» Кененұлы.-Алматы: «Алматы-Болашақ» АҚ, 2021.-512 б.

Бұл кітапқа халқымыздың қастерлі ақыны, күміс көмей әнші әрі композиторы, қайталанбас өнер иесі Кенен Әзірбаев жайлы жазылған арнау-өлеңдер және зерттеу-естелік мақалалары енгізіліп отыр.

Кітап халқымыздың өнерін қастерлейтін, ұлағатты ұлдарының өмірі мен шығармашылығын тереңірек білгісі келетін көпшілік оқырман қауымға арналады.

Қордай аудандық кітапханасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.