Сәрсенбі күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков келді. Сенатор аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовпен бірге бірқатар әлеуметтік
нысандарды аралады.
Бекболат Серікбекұлы алдымен Сортөбе ауылдық ауруханасы аумағында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана құрылысымен танысты. Биылғы жылы аяқталуға тиіс нысан құрылысының сапасы мен қолданысқа беру уақыты туралы бірқатар ескертулер жасаған депутат, жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Мердігер «Интелект Азия» ЖШС қолға алған құрылыс аумағы 1209 м2 құрайды. Жоспар бойынша нысан биыл қолданысқа беріледі.
Келесі кезекте Б.Орынбеков Сортөбеде бой көтерген полиция бөлімі құрылысын көрді. Онда да құрылыс сапасына және төңіректі абаттандыруға байланысты сөз болып, жауаптыларға бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтылды.
Осыдан кейін Бекболат Серікбекұлы Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында салынып жатқан 150 орындық мектеп құрылысымен танысты. Былтыр бой көтерген білім ошағының құрылысы жұмыстарын жандандыру, сапа мен мерзімге мән беру туралы нысан жанында сөз болып, сенатор мұнда да бірқатар ескертулері мен ұсыныстарын ортаға салып, мамандар сөзіне құлақ түрді. «ТемирСтройСервис» ЖШС қолға алған құрылыс жұмыстары биыл соңына жетеді деп күтілуде.
Жұмыс сапары барысында Бекболат Орынбеков аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды бағдарламалардың орындалуы, аудандағы ауқымды жобалар турасында айтылып, сенатор өзі аралаған нысандар турасында сөз етті. Жиын барысында депутат Қарлығаш Қыпшақбаева аудандағы жолдардың сапасы, құрылыс жүргізуде жергілікті жердің ерекшеліктерін ескеру турасында айта келе, ауданда балаларды оңалту орталығын салу қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары Әлібек Омаров және Қатира Уәлиева да аудандағы бірқатар проблемаларды көтерді. Бұл сұрақтарды Бекболат Серікбекұлы өз назарына алатын болды.
Ауданға сапары соңында Бекболат Орынбеков осы күні аралаған нысандар «Ұлттық жобалар» қатарында болғандықтан оларға қадаға ерекше болатынын еске салып, белгіленген мерзімдерде құрылыс аяқталуы тиіс екенін тағы ескертті.