Өңірімізде көптеген мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін етті ірі қара өсірумен айналысады. Бүкіл әлемде етті мал шаруашылығы кең тараған және істің көзін таба білген фермерге жоғары табысқа жетуге мүмкіндік беретін сала.
Степное ауылдық округіне қарасты «Меруерт» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Асанқұловтың айтуынша, жақсы мал өсіріп, жеткілікті табыс табу үшін алдымен тұқымы жақсы мал таңдау керек. Өзі қазақтың ақбас сиырларын өсірумен айналысады. Бұқаларды бордақылау әдісін үш кезеңге бөлуге болады: сүтті бұзауларды өсіру. Бұл кезеңде бұзауларды сүт беруден айырады және жемазықпен азықтандыруға ауыстырады. Одан әрі бұқаларды өсіру кезеңі, сосын сою алдында соңғы бордақылау кезеңі басталады.
-Қазақтың ақбас бұқараларын өсіру үшін мынадай кеңес айтар едім, — дейді Дәулет Мэлсұлы. — Жоғары сапалы жем ингредиенттерін қамтамасыз ету керек. Тек жоғары сапалы жемді пайдалану қажет. Көгерген жем малдың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сосын, мал ұстауға, азықтандыруға қолайлы орындар жасау керек деп ойлаймын.
Айтпақшы, «Меруерт» шаруа қожалығының бордақылау базасы барлық жағдай жасалып, аумағы абаттандырылған үздік базалардың бірі болып есептеледі екен. Мұнда шаруаның өзі тәулік бойы жұмыс істейді, қазір жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін шағын ғимарат салынуда.
Жас та болса, әкесі, шаруа қожалығының негізін қалаушы М.Асанқұловтан тәжірибе жинақтаған шаруашылық басшысы жемдегі құрғақ заттардың мөлшерін, мал бордақылау алаңдарының тазалығын қадағалауға кеңес береді. Оның пайымдауынша, жемді мүмкіндігінше жиі тарату керек. Балғын азық жануарлардың салмақ қосуына көп ықпал етеді. Бұқалардың азықты тойып жегеніне де қарап қойып, ауырған малды дереу емдеуге кірісу қажет. Суды молынан ішкен малдың салмағы да, еті де жақсы болады.
Бүгінде жүзшақты ірі-қара бордақылауға қойылған. ШҚ басшысы мал басын көбейтуді көздеп отыр. Қожалықтағы басты көмекшілері механизаторлар Сергей және Виктор Рощиндер, жуырда жергілікті тұрғын Михаил Веников та ұжымға қосылды.
-Биыл жақсы бордақыланған мал басы көп болды, кейбірінің салмағы 300 келіден асты. Етті жергілікті тұрғындарға және қордайлық кәсіпкерлерге сатамыз, — дейді фермер.
Келешекте Д.Асанқұлов бизнесін кеңейтуді көздеп отыр, демек тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамти алады деген сөз.