ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіру және кеңінен насихаттау мақсатында Гвардейск қалашығындағы әскери бөлімде әскери қызметшілермен кездесу өтті. Іс-шараға 500-ге жуық әскери қызметші қатысты.
Кездесуге Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Молдабаев, Қордай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Алтынбек Мықтыбаев және «Отечество» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко қатысып, жаңа Конституцияда айқындалған негізгі қағидаттар мен конституциялық реформалардың мәні туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидатын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жүргізіліп жатқан реформалардың елдің тұрақты дамуына ықпалы кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара соңында әскери қызметшілердің сұрақтарына жауап беріліп, Конституция талаптарын сақтау, заңға құрметпен қарау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру әрбір азаматтың, оның ішінде әскери қызметшілердің маңызды міндеті екені ерекше атап өтілді.