ӨРЕНДЕРГЕ ӨРІС АШҚАН МЕКЕН

0

Балалардың дарынын дамытып, қабілетін ұштауға арналған орталықтар бұрын тек ірі қалаларда ғана болса, қазір ауылдық жерлерде де жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне мол мүмкіндік беретін білім ордалары көптеп ашылуда. Солардың бірі – Қордай ауылының орталығында орналасқан «IQ Art» спорт және өнер-білім орталығы. Өткен жылдың қараша айында ғана қордайлық дарындарға есігін айқара ашқан орталықта бүгінде 100-ден астам бала білім алуда.

Мекеме пәндік, музыкалық, спорттық және өнер сынды төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Оқушылар пәндік үйірмелерден – мектепалды даярлық, бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінен қосымша сабақтарға қатыса алады. Музыкалық үйірмелерден – вокал, фортепиано, домбыра, гитара үйірмелері бар. Ал спортқа қызығатындар каратэ, жекпе-жек, шахмат секцияларын, өнерге әуестігі барлар қолөнер шеберханасы, актерлік шеберлік және сахна өнері, би үйірмелерін таңдай алады. Сабақтар ақылы негізде болғанымен, жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, көпбалалы отбасы балаларына, қатарынан бірнеше үйірмеге баратын оқушыларға оқу ақысына жеңілдік жасалады.
Орталық меңгерушісі Ғалия Мұналованың айтуынша, мұнда өз ісінің білікті мамандары, кәсіби ұстаздар мен жаттықтырушылар жұмыс істейді. «Әр үйірме жетекшісі алдына келген баланың қабілетін шыңдай түсуге, сапалы білім беріп, практикалық сабақтарды көбірек қолдануға тырысады. Бізде топтық және жеке сабақтар бар. Топтық үйірмелердің өзінде 10 баладан артық болмайды. Өйткені, біз санға емес, сапаға көбірек басымдық береміз»,-дейді меңгеруші. Өнер-білім ордасының тағы бір ерекшелігі ағылшын тілі курсын айына бір рет Алматы қаласынан келетін тіл иесі өткізіп тұрады. «Балаларға шет тілін сол ұлттың өкілінен үйренген әлдеқайда қызық. Әрі осы әдіспен сөздердің дұрыс айтылуын, ағылшынша еркін сөйлеуді тезірек меңгереді»,-дейді Ғалия Мұналова.
Оқу орталығы ыңғайлы жерде, жарық әрі жылы ғимаратта орналасқан. Әр кабинетті аралап, балалардың білім алып, сүйікті ісімен шұғылдануына барлық қолайлы жағдай жасалғанына көз жеткіздік. Жас өрендер де бұл жерге үлкен құлшыныспен, қызығушылықпен келеді. Мәселен, он жасар Хадиша Құлжабектің домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніне екі апта болыпты. Ол қазақтың қара домбырасын, оның көмейінен төгілген қоңыр күйлерді ұстазы Аяжан Кәріғұлдан үйреніп жүргеніне дән риза. Келесі кабинетте балалар гитара аспабында ойнауды үйреніп жатыр екен. Бүгінде гитара сабағына 10 бала барып жүр. Орталық меңгерушісінің сөзінше, бұл үйірмеге ұстаз табу қиынға соғыпты. Өйткені, ауданда дәл осы аспапта ойнауды үйрететін кәсіби музыканттар жоқтың қасы. «Тағы бір айта кететіні, «IQ Art» негізінен 6-17 жас аралығындағы балаларға арналған орталық болғанымен, бұл жерге ересектер де келіп, қалаған үйірмесіне қатыса алады. Сонымен қатар, біздің орталыққа оқу жылының кез келген тоқсанында жазыла аласыз. Тек жыл басынан қабылдаймыз деген шектеу жоқ. Сондай-ақ, балаңыздың белгілі бір өнерге икемі, қызығушылығы бар-жоғын білмей жүрсеңіз, тегін түрде өтетін алғашқы сынама сабаққа алып келе аласыз», — дейді меңгеруші.
Иә, ауданымызда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізетін орындардың ашылып жатқаны көңілге қонымды жайт. Өйткені, саналы ұрпаққа қай кезде де сапалы білім қажет. Ақпарат ағымы сәт сайын жаңарып отырған қазіргі заманда оқушыларға мектеп қабырғасындағы білім аздық етеді. Сондықтан, қосымша білім көкжиегін кеңейтсек, жасөспірімдерді жан-жақты дамытсақ, бәсекеге қабілетті болашақтың іргетасы қаланатыны сөзсіз. Осы мақсатпен ашылған орталықтың жұмысына табыс тілеп, рухани ордадан ойы алғыр, қиялы ұшқыр шәкірттер түлеп ұшсын демекпіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.