Адал еңбек қана абырой алып келеді

0

Әрбір әйел сымбатты дене бітімін, теп-тегіс бет терісін, мінсіз денсаулықты армандайды. Олар өздері қалаған нәтижеге жету үшін түрлі әдіс-тәсілдерге де барып жатады. Ал технология қарыштап дамыған мына заманда сұлулық саласында да жаңашылдықтар жетерлік. Мәселен, бүгінде бет терісі және бүкіл денеге арналған аппараттық косметология жақсы дамуда. Бүгінгі кейіпкеріміз, жеті баланың анасы, жеке кәсіпкер
Жанар Шынықұлова – осы аппараттық косметологияны меңгерген маман.

Денсаулық пен сұлулық әлеміне келгенге дейін ол желілік маркетингпен айналысып, аудан орталығынан бір бөлмені жалдап, косметикалық өнімдер, балалар киімдерін сатып, түрлі кәсіпте өз бағын сынап көрген. «Алтын алқа» иегері өткен жылы көптен бері ойында жүрген мақсатына қол жеткізіпті. Алматы қаласында білікті мамандардан арнайы курсты оқып, «косметолог-массажист» сертификатын алған. Осыдан кейін «Бастау бизнес» жобасы туралы біліп, жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Ал қыркүйек айында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бизнес жоспарын сәтті қорғап, 1 225 200 теңге мөлшерінде грант ұтып алады. Кәсіпкер бұл қаржыға ультрадыбыстық фонофорез аппаратын, аяққа массаж жасайтын аппарат, клиенттердің жеке заттарын сақтауға арналған шкаф, массаж кабинетіне қажетті өзге де жабдықтарды сатып алып, жалдап келген бөлмесін массаж кабинетіне айналдырған. «Жеке ісімді бастауға сеп болған осы мемлекеттік бағдарламаға алғысым зор. Жоба аясында жаңа білім, бизнес дағдыларын үйрендім. Кәсіп бастағылары келетіндерге қиындықтардан қорықпай, арманға қарай батыл қадам жасауға кеңес беремін», — дейді кәсіпкер.
Жанар Садырқызының массаж кабинетінің ашылғанына көп болмаса да, тұрғындар арасында бет-тері күтімінің бұл заманауи әдісіне деген қызығушылығы артуда. Қордайлықтар көбіне беттегі әжімдер мен дақтарды кетіру, артық салмақтан арылу мақсатында келеді екен.
Жанар ханым фонофорез аппаратымен жасалатын массаждың ағзаға пайдасы зор екенін айтады. Ол артық салмақтан арылу, бет терісін тегістеу, варикоз, остеохондроз, тізе, бел, буын ауруларын емдеуде қолданылады. Аз уақыт аралығында тамаша нәтиже беретін аппараттық массаждың еш зияны жоқ дейді маман: «Фонофорез аппаратымен массаж жасау барысында жоғары жиілікті ультрадыбыстың көмегімен косметикалық немесе дәрілік препараттардың белсенді компоненттері терінің терең қабаттарына енеді. Осылайша ол косметикалық өнімдердің пайдалы әсерін арттырады және терінің регенерация процесін жеделдетеді», — деп аппараттың жұмыс істеу жолын түсіндірді. Бірақ, бұл процедураның қарсы көрсетілімдері де жоқ емес. «Дәлірек айтсақ, гиперторния, жүрек, қантамыр ауруларына шалдыққан адамдарға, денеде қандай да бір темір болса, сондай-ақ, жүкті әйелдерге жүктіліктің алғашқы айларында жасауға болмайды. Мен әрдайым қауіпсіздік талаптарын ескеріп, жұмысымды адал атқарамын. Өйткені, адалдыққа құрылған кәсіп қана мұралы болады»,- деп сөзін түйіндеп, бизнес саласында осы қағиданы ұстанатынын айтты.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.