ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

0

Соңғы күндері ел аумағында аптап ыстық қалыптасуда. Синоптиктердің болжамы бойынша, ыстық әлі де сақталады, сондықтан  өрт қаупі күшейеді. Осы орайда, барынша қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.

 

Естеріңізге сала кетсек, өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Осылайша, өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға жауапты адамның оларды бұзуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян немесе азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiруге әкеп соқса,- белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осы баптың екінші бөлігіне сай, абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы. Осы баптың 3-бөлігіне сай, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет –  белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалары көзделген.

Сондықтан, жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында абай болуларыңызды  және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз.

Е.Ілиясов,

Қордай аудандық сотының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.