БИЗНЕС – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

0

Айнаш Ракышеваның саудада жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Қолында «Бастауыш сынып мұғалімі» деген дипломы бола тұра, жанының қалауымен саудаға бет бұрған ол алғашқы кәсібін ел арасында «ескі базар» атанып кеткен «Үсен-Ұлы»  базарында  азық-түлік тауарларын сатудан бастапты. Кейіннен орталықтан «Бауырхан» сауда орны ашылып, сол жерге ауысуды шешеді. «Мұнда азық-түлік те, көкөніс те сатып, ақыр аяғы киім-кешекке тоқтадым. Жолдасым екеуміз Алматыға барып, 200 долларға тауар алып келгенбіз. Осы базарда жүріп, балаларымды дүниеге әкелдім. Бір ұл, бір қызым бар. Сәби кездерінде әпкеме тастап, өзім базарда тұрып, арасында емізуге жүгіріп барып келетінмін. Қазір екеуі де жоғары оқу орындарын бітірді. Осы сауданың арқасында балаларымның  киімі бүтін, тамағы тоқ болды, ештеңеден тарылған жоқпыз, Аллаға шүкір»,-дейді саудагер.

Кәсіпкердің бүгінде әйелдер және ерлер киімі, аяқ киім, өзге де ұсақ-түйек заттар сататын бес нүктесі бар. Ол – үйінің жалғыз асыраушысы,  өйткені жолдасы мүмкіндігі шектеулі жан. Жаздың аптап ыстығына, қыстың қара суығына қарамастан, екі аяқтан тік тұрып нәпақасын тауып келе жатқан еңбек адамының қажыр-қайраты – өзгелерге үлгі боларлықтай. «Қазір сауда жаман емес, бірақ бұрынғымен салыстырғанда бәсекелесік өте жоғары. Сондықтан, саудагер бәсекеге қабілетті болып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға тырысу қажет. Әрі қаржылық сауатты жақсы меңгеруі керек. Себебі, кәсіпте кіріс пен шығысты бақылауда ұстау маңызды»,-деп өзіндік тәжірибесімен бөлісті.

 

Ал келесі кейіпкеріміз Роза Телегенованың пікірінше, саудаға икеміңіз болмаса, тауарыңыз қанша жерден әдемі, сапалы болса да өтпейді. «Саудагер ең бірінші ашық мінезді, келушілермен тіл табыса алатын болуы қажет. Өйткені, ол күнделікті неше түрлі адамдармен кездеседі, олардың көңілінен шығуға, жанжалдардан аулақ болуға тырысуы керек. Жақсы сатушы сауда жасаушының айтқанымен келіспеуі мүмкін, бірақ өзін сол клиенттің орнына қоя білетін қабілетке ие»,-дейді кәсіпкер.

Қордай ауылындағы «Роза» дүкенінің иесі ең алғашқы кәсібін 9000 теңгеден бастаған екен. «Үсен-Ұлы» базарында кәдімгі жер үстелдің үстіне кеңсе тауарларын қойып, сатқан. «Бұл 2000 жылдары еді. Ол кезде қазіргі бутиктердегідей қолайлы жағдай жоқ, тіпті бос орын да болмайтын. Тауарларымыз жаңбыр жауса су болып, құртылатын. Кейін күйеуім екеуміз шатыры бар орынды жалға алып істедік. Бірақ кеңсе тауарларын емес, сабын, ұнтақ сынды тазартқыш заттар сата бастадық. Кәсібімізді кеңейтейік деп, Бішкектен кірлең, шелек алып келдік. Ол заттар да жақсы өтті. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, осылайша біртіндеп ісіміз алға басты. Қазір ол сауда нүктемізде ұлымыз отыр. Ал мен осы дүкенді жалға алып отырмын»,-деп кәсібін қалай бастағанын баяндады.  Кәсіпкердің дүкенінде үйге қажеттінің бәрі бар, тауарлардың тартымдылығына көзіңіз тояды. Ұлттық нақыштағы көрпе-жастық дейсіз бе, қыз жасауын салатын сандық дейсіз бе, Роза апай дәл сіздің талғамыңыздан шығатын затты әп-сәтте тауып береді. Тауарлар Алматы, Шымкент, Ташкент қалаларынан жеткізіледі екен.

Кәсібінің нәсібін көріп жүрген Роза Телегенова – бес баланың анасы. Жолдасы 2014 жылы дүниеден өтіпті. Адалдық пен әділдік кейіпкеріміздің жұмыстағы ғана емес, өміріндегі де басты ұстанымы. «Біздің жұмыста түрлі қызықтар болып тұрады. Бірнеше жыл бұрын бір кісі сауда жасап, қолында ұстап келген дипломатын біздің дүкенде ұмытып кеткен болатын. Сөйтсек, іші толы ақша екен. Келесі күні әлгі адам базарды аралап, жыларман болып дипломатын іздеп жүр. Бізге де келді. Мән-жайын айтып, дәл сол кісінің сөмкесі екеніне көзім жеткен соң, қайтарып бердім. Ақшасы қаз- қалпында тұрғанына қуанып, әбден рахметін айтып кеткен еді»,-деп қызықты оқиғасымен бөлісті кәсіпкер.

 

Бұрынғыдай емес, қазір Қордайда қыз-келіншектерге арналған киім-кешек дүкендерінің түр-түрі бар. Талғамыңыз бен қалтаңызға лайықтысын қиналмай табасыз. Бұл ауданымызда сауда саласындағы бәсекелестіктің өскенін аңғартады. Осы ретте дүкен иелерін өзгелерден қалай ерекшеленсем, сатып алушыларды немен таң қалдырсам деген күрделі мәселе толғандырары сөзсіз. Ал Ақбота Нәдірбай бұл сұрақтың жауабын осыдан төрт жыл бұрын-ақ тауып қойған. Жас кәсіпкердің «Bonadi» әйелдер киімінің бренді – қордайлық қыз-келіншектердің сүйікті бутигіне айналып үлгерді. «Кәсібімді жаңадан бастаған кезден-ақ, басқа дүкендерден ерекше болуым керек деп шештім. Сапалы, бағасы қолжетімді және қазіргі трендтегі киімдерді алып келуге тырыстым. Жалпы мамандығым сәулетші болғандықтан, өнерге жақын адаммын. Дүкенімнің ішін әдемі, жайлы, кіріп қалғанда ерекше әсер алатындай етіп жасадым. Әлеуметтік желідегі парақшамды да тартымды етіп әрі тиянақты жүргізіп келемін. Сондай-ақ, мейрам сайын клиенттерімді сыйлықтармен, жеңілдіктермен қуантып тұрамын. Соның арқасында келушілер көбейе бастады. Қазіргі таңда тұрақты клиенттерім өте көп»,-деген ару әрекет барда берекет те болатынына сенімді.

 

Сауданың майын ішіп, жілігін шағып жүргендердің қатарында ерлі-зайыпты Ілияс пен Гаухар да бар. Қылышбаевтар отбасы  аудан орталығында кеңсе тауарлары дүкенінде жұмыс істейді. Екі жастың сауда саласына келу тарихы да қызық. «Менің әке-шешем, туыстарым тоқсаныншы жылдардан бері саудамен айналысып келе жатқан жандар. Яғни, мен ес білгелі қыз-қыз қайнаған сауданың ортасында жүрдім. Ал, жолдасымның туыстарының бәрі мемлекеттік қызметтегі кісілер. Өзінің мамандығы – мұнайшы. Мамандығы бойынша да жұмыс істеді, бірақ бала-шаға болған соң шығын көп, бір айлыққа қарап отыру қиын. Сондықтан қосымша табыс көзін табу қажет болды. Ол кезде Астанада тұратынбыз. Сөйтіп, өзім саудаға жақын болғандықтан, жолдасымды көндіріп жеміс-жидек сататын дүкен аштық, қосымша кеңсе тауарларын да саттық. Саудамыз жақсы жүрді. Өйткені, дүкеніміз тұрғын үй кешінде орналасқан еді, яғни өзімізге де, халыққа да ыңғайлы. Екі жылдан кейін Қордайға көшіп келдік. Ауылда немен айналыссақ деп, ойлана келе кеңсе тауарларына тоқтадық. Бір жағынан өзіміз білетін ниша, екінші жағынан кеңсе тауарлары азық-түлік, жеміс-жидек сияқты бұзылып кетпейді. Бізге тауар тікелей Қытайдан жеткізіледі, заттарды көтерме бағамен сатамыз», — дейді Гаухар.

Ілияс Қылышбаев 2020 жылғы карантиннің зардабы бізді де айналып өтпеді, деп еске алады. Пандемия уақытында дүкенді жабуға тура келді, жұмыстары тоқтап қалды. Бәрін тастап, қалаға кетсек деген ойдың болғанын да жасырмайды. Дегенмен, бұл сынақтардың уақытша екенін түсініп, барлық қиындықты еңсеретініне сенімді болды. «Туған өлке – әрбір жанның жүрек түкпірінен ерекше орын алатын киелі мекен ғой. Мен осында ержеттім, осында түлеп, кәсібімді дөңгелетіп, туған жерімнің өркендеуіне сәл де болса өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан, карантин кезінде Қордайда қалып, халыққа қосымша қызметтер көрсете бастадым. Пандемия аяқталған соң, кәсібімізді қайта жандардырдық»,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Ата-аналар қазірден балаларының кітап-дәптерін түгендеуді бастап кеткен. Яғни, кеңсе тауарлары саудасының нағыз қызған шағы. Ілияс пен Гаухар бізге сұхбат берумен қатар, келушілерге қызмет көрсетіп те үлгеруде. Айтпақшы, ерлі-зайыпты екеуі – төрт баланың ата-анасы.

Біз сөзге тартқан сатушылардың барлығы жарқын жүзді, жайдары мінезді жандар болып шықты. Нағыз саудагер сондай болуы қажет те.  Ендеше сауда саласында тер төгіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, саудалары берекелі, әр күндері мерекелі болуын тілейміз!

Сәуле МУХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.