ӨТЕГЕН ҰРПАҒЫ — АНАРҚҰЛ ИМАМ ТУРАЛЫ

0

Сөз қозғағалы отырған Есімбекұлы Анарқұлдың шыққан тегі – ата рухы турасында аз-кем айта кетуді дұрыс санадым. Өтеген батырдың екінші баласы Қосдәулеттен тараған рух. Әкесі Есімбек өз дәуірінде айтулы байдың бірі болған. Есімбектен туған алты баланың ішінде бөлек сана-сезімді, ақыл-ойы ширақ, өжет болып өседі. Әкесі Есімбек осы баладан түбі бірдеңе шығады, деп зор сенім артады. Сонымен орта мектепті үлгілі
болып аяқтаған баласы Анарқұлды Ташкенттегі
жалпы мұсылмандар қауымдастығы орталық медресесіне апарып оқуға түсіреді. Сол оқу орнында Анарқұл оқытушылар мен оқушылар арасында жоғары мәртебеге ие болып, үздік оқушы атанады. Төрт жылдық оқуды жақсы аяқтап, тиесілі құжатымен елге оралады. Ауыл имамы Нұрқожамен бірге бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, азан шақырып, марқұм болғандардың жаназасын шығарумен айналысып, тәжірибе жинайды. Ауыл имамы жасы келіп еліне қайтарда Анарқұлды өз орнына қалдырып кетеді.
Өсербай сайының басында «Табан қайнар» деген жер бар. Қайнардың күн шығыс беткейінде түйенің жалғыз өркешіндей төбешік тұр. Биіктігі шамамен 200-250 метр. Сол төбеге шығып алып Анарқұл күнде азан шақырады. Содан айрандай ұйыған, тату-тәтті өмір кешіп отырған Қосдәулеттің тоғыз баласы бірігіп әлгі төбешік түбінен қырлы тас жинап, іргетасын өріп, қабырғаларын сары топырақпен соқпа жасап, үш бөлмелі мешіт тұрғызады. Жаңа мешітке әр жұма сайын намазға келушілер саны арта береді. Арғы шеті Тікенді, бергі шеті Сәрмембеттің тоспасы, Жымырдың бес тамында отырған ағайындар ағылып келіп жатады. Алты қанат екі ақ боз үй тігіп, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жеткізіліп, мал сойып, жарамды деген балалары мен келіндер келген меймандарды жылы қабылдап, соларды күтумен айналысады. Жері қашық ағайындар бейсенбі күнге қонаға, жұмаға қарсы келіп түнейтін болған. Осы кез Кеңес Одағының жаңадан құрылған уақыты екен. Мешіттер мен молдаларға, жалпы ислам дініне қарсы қатты әрекеттер бастайды. Осыны сезе қойған Есімбекұлы Анарқұл қырық үйлі ауыл — Кеңес колхозының астық қоймасына меңгеруші қызметіне ауысып кетеді. Бұл жерде ол он жылдай жұмыс істейді. Діндәрларға қарсы қуғын-сүргін дүрбелеңі басылған тұста имамдық жұмысына қайта оралады.
Анарқұл Есімбекұлының тағы да қосымша сынықшы қасиеті болған. Көрші ауылдарда жарақат алып, сыныққа ұрынған жандар жиі келіп тұрғанын жақсы білеміз. Есімбекұлы Анарқұл ислам жолында имамдық қызметін 30 жыл бойы жалғастырған жан.
Осы орайда айтарым, Қосдәулет балалары – келесі толқын жас ұрпақтары осы мақаланы оқып, осындай қасиетті имам атамыз болған екен, деп мақтанышпен айтып жүрсе деген оймен бұл мақаланы газетке жариялауды жөн көрдім.

Трудовик БОЛАТҚҰЛОВ, зейнеткер, Өтеген ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.