ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

0

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектерді қорғау күні. Бұл күннің мақсаты мүгедектігі бар адамдардың құқығына, өмірлеріндегі қиыншылықтар мен мәселелерді шешуге назар аудару, ерекше жандардың қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне атсалысуына ықпал ету болып табылады. Мүгедектігі бар адамдардың дене тәрбиесімен және спортпен айналысуы олардың қоршаған ортаға үйренісуіне, психикасының түрлі жағдайларға бейімделуіне әсер етеді, денсаулықтарын нығайтады. Жарыстарға қатысу оларды шыңдап, белсенді емірге құлшындырады.

Жуырда Халықаралық мүгедектерді қорғау күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында мүгедектігі бар азаматтар арасында «Тараз Арена» спорт кешенінде облыстық спартакиада өтті. Облыс бойынша мектеп жасындағы балалар тек Қордай ауданынан ғана қатысты. Біздің орталықтан Қуатбай Қалжан, Сейсен Аманжан, Жанқабул Мирас, Жанқабул Аңсар сынды тәрбиеленушілеріміз өздерінің бақтарын сынап, жарысқа белсене қатысты. Жай ғана қатысып қойған жоқ, нәтижесінде жүлделі орындарды иеленіп, мадақтау грамоталарын ала келді. Балалардың қуанышында шек жоқ, балапандарымыздың жеңісі біз үшін, ата-анасы үшін үлкен жетістік. Осындай спорттық іс-шараның ұйымдастырылуына себеп болған аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығына, атап айтқанда Ғабит Баисовке алғысымыз шексіз, балалардың аман-есен барып келуіне, тамақтануына, демалуына жағдай жасап, демегені үшін үлкен ризашылығымызды айтамыз.
Болашақта осындай іс- шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл біздің балалар үшін есте қаларлықтай іс-шара болды және біздің орталық үшін зор мақтаныш. Біз өзіміздің балаларымызды мақтан тұтамыз!
Н.ЖАМАНҚҰЛОВА, Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және
бейімдеу орталығының әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.