22 қараша күні аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықовтың төрағалығымен Қордай аудандық мәслихатының сессиясы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, және бірқатар бөлім басшылары қатысты.
«Жамбыл облысы Қордай ауданы Степной ауылдық округін Ақдала ауылдық округі және Степной ауылын Дінмұхамед Қонаев ауылы деп қайта атау туралы ұсыныс енгізу туралы» мәселе бойынша мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпұқова хабарлама жасады. Осыдан кейін әкімдіктің бірлескен қаулысы және мәслихаттың шешімі қабылданды, ол облыстық ономастика комиссиясына жолданатын болады.
Сессия қарсаңында жері алып қоюға жататын барлық жер пайдаланушылардың немесе олардың заңды өкілдерінің қатысуымен өткен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын бекіту туралы» мәселе жан-жақты қаралған болатын. Бұл бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Нұрмаханбетов ақпарат берді. Мәслихат сессиясының шешімі бойынша иеліктен шығару мақұлданды.
Сондай-ақ, депутаттар «Қордай ауданында коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының нормаларын бекіту туралы» және «Қордай ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және шығару тарифтерін бекіту туралы» мәселелерін де қарады. Бұл бойынша Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Әшірбеков баяндама жасады.