Өткен дүйсенбіде Қордай ауданының Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты және Қарасу, Қарасай ауылдық округтерінің бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің ІІ отырысы өтті.
Сортөбе ауылының мәдениет үйінде болған келелі жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, аудан әкімдігінің бөлім мен мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, аталмыш ауылдарда еңбек ететін полиция инспекторлары және Қордай ауданының өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Қарасу, Ауқатты, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасай ауылдық округтерінің бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ — әскер қатарына шақырылым жұмыстары кезінде уәкілетті тұлғалардың өзара бірігіп жұмыс істеуінің тиімділігі туралы Қордай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Нұржан Мелдебеков баяндама жасады. Әскери қызметкер баяндамасынан кейін аудандық қорғаныс істері бөлімінің әсіресе әскерге шақыру науқанындағы жұмыстарына қатысты жиынға қатысушылар тарапынан сұрақ көп болды. Сонымен қатар, бөлім жұмысына бірқатар ұсыныстар да айтылды. Олардың қатарында әскерге шақыру науқаны кезінде аудандық және ауылдық округтегі мамандарға, учаскелік инспекторларға сеніп қарап отырмай, Қорғаныс істері бөлімі де жұмыста белсенділік таныту қажеттілігі айтылды. Аталмыш сұрақ аясында Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло да баяндама жасап, соңғы жылдары Сортөбеден әскер қатарына барушылар санының артқанын атап өтіп, сол бағытта жұмыстарын жандандыратынын жеткізді.
Кеңестің күн тәртібіне шығарылған екінші сұрақ — ауылдық округтерде ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудандық мәслихат депутаты, Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының этномәдени бірлестігінің жетекшісі Айша Идыбо баян етсе, жоғарыда аталып өткен округтерде мемлекеттік тілді игеру жұмыстары туралы Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміның тілдерді оқыту орталығының директоры Әлия Итжанова баяндама жасады. Соңғы жылдары дүнген ағайындар қоныстанған округтерде мемлекеттік тілді игеруге бетбұрыс өте жақсы деңгейде жүруде. Тілдерді оқыту орталықтарына жүгінген жастар да жетерлік. Кеңес мүшелері тек санға ғана емес сонымен қатар сапаға аса мән берген жөн екенін ескертіп, бірқатар ұсыныстарын да айтты.
Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің отырысында аса маңызды тағы бір сұрақ талқыға түсті. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің ерте некеге тұруы және бір бірімен туыстық некеге тұруы туралы өзекті мәселе жайында Қордай ауданы әкімдігінің АХАЖ бөлімінің басшысы Салтанат Балпұқова баяндама жасады. Ерте некелесу, ерте жүктілік және туыс адамдар арасында некеге тұрудың қауіп-қатері жайында кеңінен айтылып, статистикалық мәліметтер де келтірілді. Бұл мәселелердің діни тұрғыда да мақұлданбайтындығы жайында ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы да сөз етті. Бұл тақырып төңірегінде сөз алған кеңес мүшелері жалпы қоғам болып осы жағдайлардың алдын алу үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырып, баяндамашыларға бірқатар ұсыныстарын айтты.