КОМПАНИЯ ҮЛЕСІН АЛУҒА БОЛАДЫ

0

Өткен жұмада аудан әкімдігінде ерекше жиын өтті. Елімізде жүзеге асырылып жатқан жекешелендіру науқанын түсіндіру және осы процеске белсенді қатысуға шақырған бір топ маман ауданымызға келіп, қордайлықтар арасында тиісті жұмысты жүргізіп өтті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021-2025 жылдары жекешелендіру жоспарына сәйкес елімізде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ң 30 компаниясы жекешелендіріліп, бәсекелестік ортаға берілу көзделуде. Жекешелендіру ашық түрде қор биржасы арқылы өткізіліп, барлық қаражаты бар азаматтар қор биржасы арқылы жекешелендіруге шығарылған компаниялардан үлесін сатып ала алады. Осы туралы келген қонақтар егжей-тегжейлі түрде айтып берді. Жиынға келген мамандардың ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Freedom Broker», «BCC Invest» брокерлік компанияларының өкілдері, «Қазпошта» АҚ-ң, KASE Қазақстан қор биржасы, «AIX» Астана халықаралық қор биржасы және «Қазмұнайгаз» АҚ өкілдері болды. Әрбір келген қонақ өз саласы бойынша ақпарат беріп, жиылған халықты жүргізіліп жатқан IPO-ға белсенді түрде қатысуға шақырды.
IPO (ағылш. Initial Public Offering, көпшілікке бастапқы ұсыну) – қандай да бір компанияның акцияларын сату үшін көпшілікке бастапқы ұсынуы. Бұл ретте «бастапқы» сөзі компанияның өз акцияларын биржаға бірінші рет шығаратынын білдіреді.
Жиын барысында азаматтар тарапынан сұрақтар түсті. Келген мамандардың ерекше ескертіп кеткені акцияларды сатып алу тәуекелмен байланысты, оны сатып алып, ұтуға да, ұтылуға болады. Сондықтан акцияны тек артық ақшаңыз болса ғана сатып алу абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.