Қаракемер ауылдық округінде аудан әкімі Бегзат Болатбековтың халыққа есеп беру жиыны өткізілді. Жиынның мақсаты – тұрғындарға округтің дамуына қатысты тың жоспарлармен таныстыру, азаматтардың сұрақтарын тыңдап, маңызды мәселелерге назар аудару.
Есеп беру жиынында аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудандық полиция бастығы Бауыржан Үдергенов, ауылдық округ әкімі Рашид Алыбаев және тұрғындар бас қосты.
Өз кезегінде жиын спикерлері, тұрғындарға өздерінің салалық жұмыстарын баяндап, алда тұрған міндеттер мен жетістіктер туралы ақпаратпен бөлісті.
Алдымен, атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндау үшін сөз кезегі округ әкімі Рашид Алыбаевқа ұсынылды.
Баяндамашының дерегінше, ағымдағы жылы Қаракемер ауылындағы Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің қазандығын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша орта мектепке газ құбыры тартылып, қазандық қолданысқа берілген.
Қаракемер ауылының көщелеріндегі ескі ағаш бағандарды жаңа бетон бағандарға ауыстыру жұмыстары жүргізіліпті.
Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қолдауымен бірқатар жоспарлы жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда: Кенесары, Төле би, Т.Рысқұлов, О.Төстікбаев, Б.Момышұлы, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Д.Қонаев көшелерінің автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жасалып, қолданысқа берілген.
Аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков қадағалаушы орган ретінде жаңа бастамалар мен заңдардың сақталуы туралы баяндады. Прокуратура тарапынан заң бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық тәрбиені насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау – баршаның ортақ міндеті.
Аудандық полиция бастығы Бауыржан Үдергенов полицияның жұмысын, оның ішінде қылмыс көрсеткіштері мен құқық қорғау шаралары туралы ақпаратпен таныстырды.
Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына да уақыт берілді. Алқалы жиын кезінде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді көтеріп, жауаптарын алу мүмкіндігіне ие болды.
«Ауылдағы пошта ғимараты ертеректе салынып, пайдалануға берілген болатын. Бүгінде оның кем-кетігі көрініп жатыр. Шатырлары тозып, жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды. Пошта ғимаратын жылытуға көңіл бөлінбеген. Сол үшін қалпына келтіру жұмыстарына көмектесуіңізді сұраймын», — деді ауылдың белсенді тұрғыны.
Аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы салалық қызметкерлерге қажетті шараларды қолға алу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, тұрғындар кей көшелерге жол белгілерін орнатуды сұрады.
«Кейбір көшелерде арнайы жол белгілерінің жоқтығы біз үшін қауіпсіздік мәселесін тудырады», — деді олар.
Аудан әкімінің азаматтардың сұрақтарына жауап беруі, олардың пікірлерін тыңдауы, шешімдер қабылдауы — әкімдік жұмысының ашықтығын көрсетіп, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттырудағы басты қадам екені даусыз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ