2022 ЖЫЛДЫҢ 6 АЙЫНДАҒЫ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

0

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 1154 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленді. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуде баса айтты.

Брифингте аймақ басшысы алдымен ағымдағы жылдың 6 айындағы негізгі даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлар туралы кеңірек баяндады.
Бірінші жартыжылдықта облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайызды құраса, өнеркәсіп (108,1%), ауыл шаруашылығы (102%), құрылыс (105,7%), тұрғын үй құрылысы (103,7%), сауда (105,3%), байланыс (101,9%) салаларында оң динамика сақталған. Есепті кезеңде өңірге 155,8 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу деген Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асыруға айрықша ден қойылып отырғанын атап өтті.
Аймақ басшысы 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленгенін жеткізді.
— Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпті дамыта отырып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құру, тұрмыс жағдайын жақсарту, табысын арттыру.
Жоспар халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді.
Даму жоспары 3 негізгі бөлімнен тұрады. Олар: инвестициялық жобалар, бюджеттік инвестициялық жобалар, жұмыспен қамту.
Алғашқы бөлім екі ірі – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 трлн. теңгені құрайтын 1154 жобаны іске асыра отырып, 14,4 мың жұмыс орнын құруға бағытталды, — деді Нұржан Нұржігітов.
Аталған даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 млрд. теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Жыл қорытындысымен жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналаспақ.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге асады деп күтілуде.
Облыс әкімінің айтуынша, ауылдық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі.
Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір массив таңдап алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «бір ауылда — бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылатын болады.

БИЫЛ СУБСИДИЯҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ 50%-ға АРТТЫ

Жамбыл облысының әкімі аймақта биыл субсидияға 31,2 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға артқан.
— Аталған қолдау шараларымен әрбір ауыл, әрбір кәсіпкер, шаруалар қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру – аудан, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті, — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Жалпы, 2021 жылы облыстың ауылшаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден 36,3 млрд. теңге, оның ішінде 19,4 млрд. теңге субсидия қаралған болса, биыл бұл мақсатқа 60 млрд. теңге бөлініп отыр.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 2019 жылы бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба өзінің жалғасын табатынын айтты.
— Бір ай бұрын облысқа арнайы келген Үкіметтік делегация жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, бұл тәжірибені ел көлемінде тарату ісін қолға алуда.
Өздеріңізге белгілі, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылды. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд. теңге несие қаражаты бағытталды.
2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен қосымша 3 ауылдық округте жоба жалғасын тапты.
Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округтерді қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 млрд. теңгені құрап отыр. Ұсынысымыз Үкіметтен қолдау тапты.
Бізде бұл жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін тиісті кадрлар да, тәжірибе де жеткілікті, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ағымдағы жылы пилоттық жоба аясындағы жеңілдіктермен қамту үшін облыстың тағы 10 ауылдық округі айқындалып отыр. Бұл бағытқа 6,4 млрд. теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің жоба-есептері нақтылануда.

ШОБ СУБЪЕКТІЛЕРІ 85 МЫҢҒА ДЕЙІН АРТАДЫ

Ағымдағы жылдың 6 айында жамбылдық кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 млрд. теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 млрд. теңге грант бөлінді.
БАҚ өкілдерімен кездесуде осылай деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кәсіпкерлерге жағдай жасау, мүмкіншіліктер ұсыну, мәселелерін шешу – басты талап екендігін атап өтті.
Саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында 4 арнайы алаң жұмысын іске қостық.
Біріншіден, апта сайын өтетін инвестициялық штаб жұмысын бастады. Штаб жұмысына әрбір кәсіпкер қатысып, өз жобасын таныстыра алады. Екінші кезекте, прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Ондағы мақсат, әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүддесін қорғау. Үшінші, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес пен төртінші, палата жанындағы іскер әйелдер кеңестері де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады,-деді Нұржан Нұржігітов.
Өнеркәсіпті дамыту бағытында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту ісіне де мән берілуде. Ондағы жобалар тек химиялық жобалармен шектелмейді.
Бүгінгі таңда аталған аумақта 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ден қойылуда. Олар: «Qazsugar Co» ЖШС – жылына 150 мың тонна қант өндіретін зауыт құрылысы, «AltynalmasReagents» ЖШС – жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианиді өндірісі, «TAS Market» ЖШС – жылдық қуаттылығы 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металл өндіретін металлургиялық комбинат құрылысы.
— Жалпы, облыстың даму жоспарында айқындалғандай, өнеркәсіп саласында жалпы құны 2,1 трлн. теңгені құрайтын 443 жобаны іске қосып, 10,1 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Агроөнеркәсіп кешенін кластерлік тәсілмен дамыту көзделсе, өнеркәсіп саласы әріптестік бағдарлама негізінде іске асырылатын болады. Әріптестік бағдарламаны өңірдегі ірі инвестициялық жобаларда да қолдануды жоспарлап отырмыз, — деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Осы жұмыстар жүзеге асқан жағдайда облыста еңбек өнімділігі 8,5 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 275 млрд. теңгеге артып, экспорт көлемі 95,9 млрд. теңгені құрайтын болады.
Сондай-ақ, өңірде жұмыс істеп тұрған 77,2 мың шағын және орта бизнес субъектілерін 85 мыңға дейін жеткізіп, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын арттыра отырып, өндірілген өнім көлемі 7%-ға ұлғаяды деп жоспарлануда.

2025 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ЖАМБЫЛДЫҚТАР 100% АУЫЗ
СУМЕН ЖӘНЕ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Нұржан Нұржігітов халықты көп толғандыратын мәселенің бірі – коммуналдық шаруашылық саласы екенін ашып айтты.
— Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін сапалы ауыз су мен көгілдір отынға қол жеткізу бағытында атқарылатын жұмыс бағытымызды айқындадық.
Бүгінге облыстағы ауылдық елді мекендердің 269-ы (622 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл тағы 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Сондай-ақ, биыл қосымша 17 елді мекендегі 10 мың үй газға қосылады.
Осылайша даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады, — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Бұл межеге қол жеткізу үшін 62 ауылға су құбырын тартып, 40 ауылдың ауыз су жүйесін жаңғыртып, 31 ауылға су тазалау блок модулі орнатылады.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыстағы 36 елді-мекенде ауыз су кестемен беріледі десек, биыл аталған ауылдардың саны 30 пайызға дейін қысқармақ.
Сонымен қатар, 15 елді мекенге газ тартып, 50 елді мекенге табиғи газ жүйелерін тарту арқылы және 2 автономды газ тарату станциясының құрылысы жүргізіліп, бұл мәселе де оң шешімін табатын болады.
Облыс әкімі өз баяндамасында 2025 жылға дейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5%-ға, елді-мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 94,1%-ға дейін жеткізу көзделіп отырғанын баса айтты.

ИМИДЖДІК ЖОБАЛАРДАН БҰРЫН ТАРАЗДЫҢ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕМІЗ

Жамбыл облысының 2022 жылдың 6 айындағы даму қорытындысына арналған брифингте аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Тараз қаласын дамыту жоспарына ерекше тоқталды.
Облыс әкімі ендігі кезекте басымдық имидждік жобаларға емес, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен және кешенді түрде шешуге берілетінін атап өтті.
Нұржан Нұржігітов облыс орталығының ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру және дамыту жөніндегі жұмыстар іс-шаралар жоспары шеңберінде алдағы 3 жыл бойы жүргізілетінін жеткізді.
Ағымдағы жылы 6 негізгі каналды механикалық тазалау жұмыстары басталған. Тараз қаласының кәріз тазарту жүйесінің мәселесін шешу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
15 шағын аудандағы инженерлік инфрақұрылым желілерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
— Тұрғындар мәселелердің шешімін жеке компаниялардан емес, жергілікті билік органдарынан күтеді. Біз жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, бақылауымыз керек. Осы тұрғыда қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл жағдай жолдарды жөндеуге де қатысты екенін айтты.
Көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
— 2020 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 163 аула абаттандырылды. Алайда, олардың көпшілігі қағаз жүзінде орындалып, көптеген жұмыстар толық аяқталған жоқ. Қазіргі таңда құзырлы органдар тиісті ведомствоның бұрынғы басшысына қатысты тергеу жүргізуде, — деді облыс әкімі.
Ағымдағы жылы тұрғындардың өтінішін ескере отырып, 23 ауланы абаттандыру барысында аула алдындағы көлік тұрағын, кіреберіс жолды, жаяу жүргіншілер жолағы мен балалар ойын алаңшаларын қамту туралы шешім қабылданды.
Бүгінгі күні «Алатау»(8) шағын ауданындағы 41 көше мен тұйықтарға сыртқы жарықтандыру желілері тартылды, 15 шағын ауданды жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Тараз қаласы әкімдігімен кәсіпкерлік мақсатта беріліп, игерусіз қалған 200 жер учаскесі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
83 МЫҢ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Халықтың әлеуетін артыруда әлеуметтік саланың салмағы ауыр. Әсіресе, жұмыссыздық мәселесі қашан да өзекті.
Кездесуде осыған ерекше назар аударған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендету күтілуде екенін жеткізді.
— Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланатын болады, — деді аймақ басшысы.
Жалпы, облыста Мемлекет Басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы шеңберінде 11 мың жаңа жұмыс орны ашылған десек, оның 3 мыңға жуығы тұрақты.
Ал, 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83 мың жұмыс орны ашылатын болады, оның 28,3 мыңы тұрақты, 55 мыңы уақытша. Бұл өз кезегінде жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік бермек.
— Жалпы, облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қолдағы бар мүмкіндіктерге сәйкес терең, егжей-тегжейлі зерделене отырып, әзірленді.
Мемлекет қолдауының арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз деп сенеміз. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңір экономикасын дамытуға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.
МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫНДАҒЫ АС САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ

Жамбыл облысында білім беру, денсаулық сақтау салаларына айрықша назар аударылуда. Аталған әлеуметтік салалар адам капиталын дамытудың негізі болып саналады.
Аймақ басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан, туындап отырған мәселелердің де жоқ еместігін айтты.
Ағымдағы жылы білім саласына 244,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды.
Биыл 22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, 7-уі пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 10 мектептегі жұмыстар аяқталады. Бұдан бөлек 4,1 млрд. теңгеге 18 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілмек.
— Жылдағы мәселе қайталанбауы үшін, мектептердің құрылысын 20 тамызға дейін аяқтап, жаңа оқу жылына толығымен дайын болуы керектігіне назар аударып отырмыз. Сапасыз жұмыс әрі кестеден кешіккен мердігерлер үшін қабылданатын шаралар жеңіл болмайтыны ескертілді, — деді Н. Нұржігітов.
Осы жылы облыста 2 197 орынды құрайтын 24 балабақша ашу көзделсе, жыл басынан бері 1 600 орындық 11 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді.
3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100%-ға қамтылған.
Облыс әкімі білім ошақтарының асханаларындағы ас сапасы басты бақылауда екенін жеткізді.
— Мен Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс сапарларымның барысында оқу орындарының асханаларындағы ас сапасы мен мәзірін арнайы тексеріп жүрмін. Кемшіліктер жоқ емес! Соған сәйкес, тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі.
Асханаларда жергілікті өндірушілердің өнімдерін, әсіресе, бал, сүт өнімдерін пайдалану мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Жаңа оқу жылында тағам өнімдерін алуда жергілікті өндірушілермен келісім-шарттар жасалатын болады. Сол сияқты, мектепке дейінгі жастағы балалардың тамақтануы да сапалы болуы тиіс, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов денсаулық сақтау саласына да тоқталды.
— Даму жоспарымызға сәйкес, «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына 81 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылатын болады. Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

КАДРЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУЛАРДА МЕРИТОКРАТИЯ ҚАҒИДАТЫНА БАСА МӘН БЕРЕМІЗ
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қоғам тарапынан көп көтерілетін әрі көпшіліктің көкейіндегі кадр мәселесіне де тоқталды.
— Бұл тұрғыда біз меритократия принципін нығайтуға баса мән берудеміз. Соңғы тағайындаулар соның айғағы!
Бұл ретте, басшылық қызметте біршама ысылған, жас, өңірден шыққан азаматтар тағайындалып жатқанын айта кеткен жөн, — деді аймақ басшысы.
Талдау көрсеткендей, соңғы 3 айда облыстың жергілікті атқарушы органдарында лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, төменгі лауазымдағы 55 мемлекеттік қызметші бос тұрған жоғары лауазымдарға орналасты.
4 жетекші маман бас маман, 26 бас маман бөлім басшысы, бас инспектор, сектор меңгерушісі, 7 бас инспектор бөлім басшысы, 10 бөлім басшысы аппарат басшысының орынбасары, басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, аппарат басшысы, округ әкімі, 1 орынбасар басқарма басшысы, 3 басқарма басшысы аудан әкімі лауазымдарына тағайындалған.
— Қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені, олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Ондағы мақсат, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз жанұяларға жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру.
Бізге жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет! Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек.
Бөлінген бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстармен шектелуге болмайды. Бюджет қаражатын тиімді игеру – біздің қызметтік міндетіміз!
Әкімдер инвестициялар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керек, — деді Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.