ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЛАР – ПРОБЛЕМАЛАРДЫҢ ТИІМДІ ШЕШІМІ

0

Азаматтардың талап-тілектеріне көңіл аударып, сындарлы сұхбат жүргізуге дайын ашық мемлекет тұрақты түрде дамып, іргелі мемлекет қатарынан табылатыны анық. Сондықтан елімізде мемлекеттік аппарат пен халықтың арасындағы ара-қатынасты реттеу мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әзірленген болатын. Бұл ретте билік өкілдері тұрғындар көтерген мәселелерді тыңдап қана қоймай, оларға назар аударып, жан-жақты талқылап, шешу жолдарын қарастырады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында және халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында аудан әкімі Мәден Мұсаев, аудан әкімінің орынбасарлары бекітілген кестеге сай аудан тұрғындарымен жаңа форматта кездесу ұйымдастырып, халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге ден қойып, оларды шешу жолдарын іздестіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұрын есепті кездесу барысында аудан және ауыл әкімінің атқарылған жұмысы туралы есептері тыңдалып, содан кейін ғана тұрғындар өз сұрақтарын жолдайтын болса, қазір аталмыш іс-шаралар артық есеп пен сандарсыз «сұрақ-жауап» режимінде өтіп жатыр.
21 шілде Масаншы және Сортөбе ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өтті. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудан әкімдігінің бөлім басшылары тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, сол жерде көтерілген мәселелердің шешу жолдарын іздестірді. Ауыл халқы газдандыру, тұрғын үймен қамту, жер қатынастары, жәрдемақы алу сынды сұрақтармен қайырылды. Сондай-ақ, Сортөбеде спорт кешенін салу қажеттілігі айтылып, жеке мәселелер де көтерілді.
Барлық сұрақтар бақылауға алынып, проблемалық мәселелерді шешу тиісті бөлімдерге жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.