2023 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ АЙТУЛЫ КҮНДЕР МЕН МЕРЕЙТОЙЛАР АТАП ӨТІЛМЕК?

0

Өткен 2022 жыл елеулі оқиғаларға толы, әсіресе қазақ руханияты үшін есте қаларлық жыл болғаны рас. Республика көлемінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығының атап өтілуі осының айғағы. Ал есігімізді енді аттаған
жаңа 2023 жылы елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар болатынын оқырман назарына ұсынбақпыз.
Ең алғашқы Ата заңның қабылданғанына 30 жыл
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстанның Конституциясы қабылданды. Құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді.
Ал Жоғарғы кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Президент депутаттардың алдында есеп беруге міндетті болды. Заң бойынша Жоғарғы кеңестің өкілеті басым болды.
«Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз және конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз», деп басталған 1993 жылы қабылданған Конституцияда.
Алайда, 1994 жылы Жоғарғы сот таратылды. Ал бір жылдан кейін жаңа Конституция қабылданды.
1995 жылы қабылданған Конституция 95 баптан тұрды. Уақыт өте келе бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, 98 бапқа жетті.

Теңгенің қолданысқа енгеніне – 30 жыл
1993 жылдың 12 қарашасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
Ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен дау болды: «алтын», «ақша», «таньга» («тенга») нұсқалары ұсынылды. Қазақстандық валютаны тіпті «сом» деп атау жоспарланған.
Алайда, 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге», «танга» деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар
Теңге дизайнын дайындау жетекші Тимур Сүлейменов және дизайнерлер Меңдібай Алин, Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелханов бар авторлық ұжымға тапсырылды.
Алғашқы банкноттарды Англияда Harrison&Sons фирмасы басып шығарды. Олар Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді – бір апта ішінде 18 рейс орындалды.
Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Қазақтың ұлы ханы Абылайдың туғанына — 310 жыл
Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.
Қазақтың ұлы ханы 1781 жылы қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген.
Қазақтың батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл
Махамбет Өтемісұлы — қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі ақын.
Қазақтың көрнекті ақыны 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысын ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.
Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл
Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы, Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы, 11 шілде күні дүниеге келген.

Ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшысы Амангелді Имановтың туғанына – 150 жыл
Аманкелді Үдербайұлы Иманов — қазақ халқының батыры. Қазақстанда 1916 жылы орын алған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Торғай уезі Қайдауыл болысының 3-ауылында кедей шаруа отбасында туған. 1918 жылы Компартия мүшесі болған.

«Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына 110 жыл
«Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.
Газеттің алғашқы нөмірі 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.
1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Газет тарихында 265 нөмірі жарық көрген.
«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырған – Ахмет Байтұрсынұлы. «1907 жылғы санаққа қарасақ, Ресейде сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отызға суық газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады…», — деп жазды Ахмет Байтұрсынұлы газеттің алғашқы нөмірінде. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Газетте Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жақып Ақбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Жанша Сейдалин, Халел Ғаббасов, Халел Досмұхамедұлының мақалалары жарияланған. 1918 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны шықты.

«Детективтің атасы» Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы
Жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев 1923 жылы екінші қазанда Алматы облысы Қаратал ауданы Кәлпе ауылында туған. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында жауапты қызметтер атқарған.
1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған.
Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерін 1945 жылы және 1985 жылы алған.
80 жылдары қаламгердің туған ауылы Кәлпеде Кемел Тоқаев атындағы көше ашылды. 2008 жылы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры құрылған.
«Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ», — деген Кемел Тоқаев жайлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов.
Ал филология ғылымдарының докторы Шерияздан Елеукенов «Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар» деген.
Қаламгердің 1954 жылы «Жұлдызды жорық» деген атпен әңгімелері басылып шыққан.
1958 жылы «Қыс қарлығашы», «Тасқын. Көшкен үйдің қонысы қайда» деген атпен повестер мен әңгімелері жарияланды.
«Таңбалы алтын» повесі 1977 жылы шыққан. «Соңғы соққы» романы 1981 жылы жазылған. «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романы 1983 жылы жарыққа шықты.
Кемел Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. Мемлекет басшысы әкесі туралы бірқатар сұқбатында айтқан.
«Әкем бала күнінен тағдыр тәлкегіне ұшырады. Ол ерте жетім қалды, балалар үйінде, интернатта тәрбиеленді. Содан кейін соғыс басталды, бұл тағы бір батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көптеген қиындықты басынан өткерді. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүниеге келген кезде әкесі Кемел Тоқаев 30 жаста, анасы 22 жаста болған.
«…Өкінішке қарай, әкеме тағдырдың сыйлаған ғұмыры ұзақ болған жоқ. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63-те, Пайғамбар жасында дүниеден өтті. Біздің отбасымызға зор қайғы алып келген сол жағдайды еске алған сайын көп ойланамын. Өмірдің барлық қиындығы – жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешкен оның маңдайына ұзағырақ өмір сүріп, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздік алуы тәрізді тарихи оқиғаның куәгері болу бақыты неге жазылмады екен? Жаңа дәуірге аяқ баспастан бұрын-ақ осы төңіректе әңгіме бола қалғанда, ол Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз, дербес мемлекетке міндетті түрде айналатынын айтатын», — деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» ғұмырнамалық кітабында.

«Бала жанының бағбаны» Мұзафар Әлімбаевтың туғанына – 100 жыл
Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген.
Қазақ балалар әдебиетінің бағына туған Мұзафар Әлімбаев алғашқы туындыларын 15 жасында жазды. Ол Павлодар облысы «Қызыл Ту» газетінде жарық көрді. Содан бастап Мұзафар Әлімбаевтың ұзақ та, жемісті шығармашылық жолы басталды. Бастапқыда Мұзафар Әлімбаев балалар жазушысы ретінде танылды, әдеби ортада «бала жанының бағбаны» атанды.
Мұзафар Әлімбаевтың алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары». Кітап 1952 жылы басылып шықты. Ол 1958 жылы «Балдырған» журналының бас редакторы болды, бұл қызметті 1986 жылға дейін атқарды. Мұзафар Әлімбаев әлем халықтарының жүздеген мақалын қазақ тіліне аударған.
Мұзафар Әлімбаевтың төл туындылары мен аудармаларын қоса есептегенде 64 кітабы жарық көрген. Олардың арасында «Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Ақмаңдайлым», «Маржан сөз», «Балдәурен» бар.
1982 жылы «Аспандағы әпке» өлеңдер жинағы үшін мемлекеттік сыйлық алды.
Мұзафар Әлімбаевтың сөзін жазған әндер саны 200-ге жуықтайды.
Мұзафар Әлімбаев Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған. Мұзафар Әлімбаев 2017 жылы 94 жасында дүниеден өтті.

Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл
Қазақтың көрнекті режиссері, Қазақ ССР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киномотографистер одағының хатшысы және көркемдік жетекшісі Сұлтанахмет Қожықов 1923 жылы 10 наурызда Таразда туған. 2023 жылғы мерейтойлар тізімінде режиссердің туған күні де алтын әріппен жазылды.
1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер болды.
1974 жылдан киностудияның көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді. 1955 жылы өзі жазған сценарий негізінде «Ана мен бала» тұңғыш көркем фильмін түсірді.
1958 жылы «Біз Жетісуданбыз» тарихи фильмі, 1961 жылы «Егер біздің әрқайсымыз», 1965 жылы «Шыңдағы шынар» фильмін қойды.
1970 жылы Қожықов «Қыз Жібек» фильмін қойды. 1985 жылы Қажымұқан жайлы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірді.
1970 жылы «Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.
1972 жылы «Қыз Жібек» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сұлтанахмет Қожықов 1988 жылы 11 наурызда Алматыда қайтыс болды.
Бұл келер жылы тойланатын айтулы күндердің бір парасы ғана. Өйткені, қоян жылымен тарихта ойып тұрып орын алатын бұдан өзге де дара тұлғалардың мерейтойлары тұспа-тұс келіпті. Олар туралы газетіміздің алдағы сандарында жазатын боламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.