АДАМНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫ

0

Адам әр түрлі әлеуметтік қатынастарға түседі. Қарым-қатынас нәтижесінде адамдар арасында өзара әрекеттестік қалыптасады, түсіністік пайда болады, қамқорлық жасау және көмек беру жүзеге асады. Қоғамдық қатынастар әлеуметтік нормалар арқылы реттеледі, олардың арасында құқық нормалары ерекше орын иеленеді. Құқық нормалары заңдар мен нормативті құқықтық актілерге көрініс табады. Жалпы адамзаттық құндылықтар және әділеттілік, ізгілік, теңдік, бостандық идеялары құқықтың негізі болып табылады.

Құқық жүйесінің басты саласы — конституциялық құқық болып табылады (кейбір елдерде ол «мемлекеттік құқық» деп аталады). Конституциялық құқық, құқықтың басқа салаларының жасалуы, әрекет ету мен қалыптасуының негізі болып табылады. Мұндай салалар бүгінгі күні жиырмадан астам: мысалы, әкімшілік құқык, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, қаржы құқығы және т.б.
Конституциялық құқық — адам, мемлекет пен қоғамның өз тіршілік әрекетін құруына өте қажетті оған лайықты басты ережелерді белгілейді. Мемлекеттік билікті жүзеге асырумен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастар конституциялык құқықтың мәнін құрайды.
Қазақстан Республикасында азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік берілген. Азаматтардың бұл құқығын кім қамтамасыз етеді? Әрине, осыны жүзеге асыруға құқылы мемлекеттік органдар (мысалы оқу-ағарту министрлігі).
Біздің елімізде әркім Қазақстан Республикасынын Конституциясын және заңнамаларын сақтауға, басқа тұлғалардың құкықтары мен еркіндіктерін, ар-ожданы мен абыройын қастерлеуге міндетті. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда оны бұзушыларға мемлекеттік органдардың алдында (полиция, прокуратура, сот) жауап беруге тура келеді.
Конституциялық құқық қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге бағытталған әдістер мен тәсілдер арқылы реттейді. Оларға мыналар жатады: міндеттеу әдісі, тыйым салу әдісі, ерік беру әдісі, мойындау әдісі.
Мемлекет пен қоғамдағы тұлғаның құқықтық мәртебесі негізінің институты конституциялық құқықпен реттелетін ең басты институт болып табылады. Құқық пен бостандықтың қазіргі уақыттағы концепциясы – бұл құқықтар мен бостандықтардың жалпыға танылған үлгісі әзірлену процесіндегі ұзақ тарихи даму нәтижесі. Өмір сүру құқығы, еркін жүріп-тұру бостандығы, азаматтыққа құқығы, ар-ождан бостандығы, барлығының заң алдында теңдігі – бұл барлығына жалпы құқықтар, оларды қоғамдық құрылысына, саяси режиміне, мемлекеттік құрылыс нысаны мен басқару нысанына қарамастан барлығы бірдей пайдаланады. әр адам қайда жүрсе де, қай жерде тұрса да, ол кез келген жерде негізгі табиғи құқықтар мен бостандықтарға ие болады. Мемлекет тек осы табиғи құқықтар мен бостандықтарды өзінің ішкі заңдылықтарында рәсімдейді.
Конституциялық құқықтың осы институтын зерттеу кезінде адам мен азаматтың «құқығы» түсінігі мен «бостандығы» түсінігінің айырмашылығын, тұлғаның құқықтық мәртебесінің «екі жақтылық» (дуалистік) сипатының қалай анықталатындығын білу қажет.
Адам құқығы – мемлекетпен бекітілген және кепілдендірілген қоғамдық, саяси немесе шаруашылық құрылымдардың қызметіне қатысу құқығы. Адам құқығында индивидтің қызметінің нақты бағыты бекітіледі. Мемлекет өзіне заңда белгіленген аяда құқыққа сәйкес әрекеттермен қамтамасыз ету және оны қорғау міндеттілігін алады.
А.МҰХАМЕТҚАЛИ,
Алматы гарнизоны
әскери сотының
бас маман-сот мәжілісінің хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.