Гвардейск гарнизонында Құрлық әскерлеріне қарасты оқу орталығы мыңға жуық жас сарбаздармен толықты.
Жас сарбаздар Қазақстанның барлық өңірінен келді. Олар әскери бөлімге келісімен коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР тест тапсырып, медициналық тексерістен өтті. Сондай-ақ, 14 күндік карантинге гигиеналық талаптары сақталған казарма үй-жайларына орналастырылды.
Қазіргі таңда әскери бөлімнің психологтары жас сарбаздармен жеке сұхбаттар мен психологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта жас сарбаздар әскери антқа дайындалатын болады.
- Жас сарбаздарды жақсы қарсы алып, олар арнайы казармаларға орналастырылды. Барлық жағдай жасалып, қажетті заттармен қамтамасыз етілді, — деді әскери бөлім командирінің орынбасары ұлан подполковнигі Біржан Мұстафаев.
Құрлық әскерлеріне қарасты оқу орталығы жас сарбаздарға 6 ай көлемінде мотоатқыштар, танкішілер, артиллерия әскери мектептерінде кіші мамандықтар бойынша әскери білім береді. Атап айтқанда жаяу ұрыс машинасы мен танк механик-жүргізушісі, көздеуші-операторы, брондалған көліктің механик-жүргізушісі, Д-30 гаубицасы мен БМ-21 жауынгерлік техникасының командирі, есептеуші, топогеодезист және барлаушы мамандықтары.
Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор Жомарт Тажиханов